4 қыркүйекте сағат 15:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде Әзербайжанның мәдени мұрасына арналған «Халық өнеріндегі уақыт тынысы» көрмесі ашылады. Экспозицияда Әзербайжан Ұлттық кілем музейінің (Баку қаласы) қорынан алынған XIX–XX ғасырлардағы өнердің үздік үлгілері ұсынылған.
Көрмені Әзербайжан Республикасының Мәдениет министрлігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, Әзербайжан ұлттық кілем музейі және Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі ұйымдастырады.
Көрменің негізгі бөлігін әзербайжан халқының бай ұлттық мұрасының өңірлік ерекшеліктері мен көркемдік алуан түрін танытатын Губа, Баку, Ширван, Қарабақ, Газах және Гәнжә кілемдері құрайды. Экспозицияда «Пиребедил», «Габыстан», «Сураханы», «Фахралы», «Салахлы», «Ханлыг» және «Мир» түкті кілемдері, сондай-ақ түксіз кілемдердің – килим, шадда, верни және зили үлгілері құрайды.
Экспозицияның жеке бөлімі көрнекті ғалым, кілем суретшісі, Әзербайжан ұлттық кілем музейінің негізін қалаушы, Әзербайжанның халық суретшісі Лятиф Керимовтің туғанына 120 жыл толуына арналған. Көрмеде оның жасаған эскиздері, сондай-ақ «Екінші көктем» және «Хатаи» кілемдері ұсынылады.
Көрмеде кілем өнерінің түрлі бағыттары қамтылған. Олардың қатарында мафраш, хурджун, чул сияқты кілем бұйымдары, сондай-ақ көркем кесте, көркем металл бұйымдары, бірегей зергерлік әшекейлер және ұлттық әйелдер киімінің үлгілері бар.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің қорындағы ХХ ғасырдың 40–80-жылдары Қазақстандағы әзербайжан диаспорасы өкілдері музейге тапсырған коллекциялар да ұсынылады. Олардың қатарында әзербайжан еңбекшілерінен Әзербайжан КСР-інің елтаңбасы бейнеленген «40 жыл» атты түкті кілем, әзербайжан халқының Қазақ халқына Қазақ КСР-інің 25 жылдығына орай тарту еткен жүн кілемі, сонымен қатар, 1989 жылы Алматы облысы, Талғар қаласының тұрғыны Асланов Шахмани Мұхтарұлы музей қорына тапсырған тоғасы бар әзербайжан әйелдер белдігі де бар.
Әзербайжан кілем өнерінің ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізілуі оның халықаралық деңгейде жалпыадамзаттық құндылық ретінде мойындалғанын көрсетеді.
Көрме келушілердің Әзербайжанның бай мәдени мұрасы, ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлері және халық өнерінің тарихи дамуы туралы түсінігін қалыптастырады.
Көрме 2026 жылғы 4 қазанға дейін жалғасады.