2026 жылдың 4 қыркүйегінде сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті суретші Қайырбай Зәкіровтің «РЕТРОСПЕКТИВА» атты жеке көрмесінің салтанатты ашылуы және суретшінің шығармашылығына арналған кітап-альбомның тұсаукесері өтеді.
Қайырбай Зәкіров – белгілі қазақстандық суретші, Қазақстан бейнелеу өнеріне 1970 жылдары келген көрнекті тұлға. Ол түпнұсқа және баспа графикасының түрлі техникаларын шебер меңгеріп, ұлттық бейнелеу өнеріне жаңа көркемдік және пластикалық идеялар әкелді. Суретші шығармашылығында адам болмысы, уақыт пен кеңістік, ата-бабалардың рухани мұрасы мен адамзаттық құндылықтарды терең философиялық тұрғыдан пайымдайды.
«Ретроспектива» көрмесі Қайырбай Зәкіровтің бірнеше онжылдықты қамтитын шығармашылық жолын, көркемдік ізденістері мен дүниетанымының эволюциясын жан-жақты таныстырады. Экспозициядағы туындылар суретшінің алғашқы реалистік тәжірибелерінен бастап, кейінгі күрделі символдық және мифологиялық бейнелерге құрылған шығармаларына дейінгі көркемдік даму жолын көрсетеді.
Суретшінің алғашқы шығармаларының қатарын туған өлке тақырыбына арналған, қарындашпен орындалған «Қызылқұм туралы өлеңдер» (1976) топтамасы бастайды. Көпшілікке таныс «Ұлбаланың бақыты», «Диалог» (1980), «Теңіз туралы толғау» (1982) триптихтары мен Базар жырау өлеңдеріне арналған иллюстрациялар (1982) оның графикадағы өзіндік көркемдік тілінің қалыптасуын айқындайтын маңызды туындылар қатарынан орын алды. «Ш. Айтматовты оқығанда» (1986) автолитографиялар топтамасы мен «Көкжиек» (1989) линогравюралар сериясында автордың философиялық пайымдары тереңдеп, бейнелік және көркемдік ізденістері жаңа қырынан көрініс тапты.
Қайырбай Зәкіров өнерінің қайнар көзі оның туған жері Сыр өңірінің рухани ортасымен тығыз байланысты. Балалық шағынан жыраулардың қисса-дастандарын тыңдап өскен суретшінің көркемдік жадында халық ауыз әдебиеті, тарихи аңыздар мен мифологиялық түсініктер терең із қалдырды. Уақыт өте келе бұл рухани сабақтастық «Оғызнама» топтамасында Қорқыт ата, Томирис, Жанқожа батыр, Есет батыр сынды тарихи және аңыздық тұлғалардың образдары арқылы жаңа көркемдік сипатқа ие болды.
1990 жылдардан бастап суретшінің шығармашылық тілінде елеулі өзгерістер байқалды. Нақты өмір көріністерімен қатар оның туындыларында мистикалық сюжеттер, шартты кеңістік, ғарыштық және иррационалды образдар пайда болды. Түрлі түсті офорт пен акватинта тәсілдерінде орындалған «Құс жолы» (1991) топтамасы осы кезеңдегі көркемдік ізденістерінің маңызды нәтижелерінің бірі болды. Суретші шынайы және қиял-ғажайып бейнелерді тоғыстыра отырып, адам мен ғарыш, уақыт пен мәңгілік, өмір мен рухани жады арасындағы байланысты өзіндік пластикалық тілмен пайымдады.
Шығармашылығының кейінгі кезеңінде Қайырбай Зәкіров акварель техникасына ерекше ден қойды. «Минотаврлар марафоны» топтамасында суретшінің ұзақ жылдар бойы қалыптасқан мифологиялық дүниетанымы мен философиялық ізденістері жаңа сипат алды. «Күлтегін», «Қызыл құмыра», «Чонтваридің жұмағы», «Толғанай», «Қаңбақ», «Реквием», «Литоргия», «Талтүс» секілді акварельдік шығармаларында автор заманауи адамның рухани ахуалын, уақыт қайшылықтары мен адамзаттық құндылықтар мәселесін символдық және метафоралық бейнелер арқылы мысқылмен, сарказммен жеткізеді.
Көрмеге суретшінің музей қорынан және суретшінің отбасылық жинағынан алынған 70-ке жуық туынды ұсынылады.
Қысқаша өмірбаяны:
Қайырбай Зәкіров 1945 жылы Қызылорда облысы, Арал қаласында дүниеге келген. 1968 жылы Н.В. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін тәмамдап, Б. Табиев, Т. Досмағамбетов, М. Қисамединов сынды белгілі суретшілерден тәлім алды. 1976 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін бітірген. 1968 жылдан қалалық, республикалық және халықаралық көрмелер мен симпозиумдарға қатысып келеді. 1976 жылдан ҚР Суретшілер одағының мүшесі. 1988 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері» атағына ие болды. 1996 жылы Президент стипендиясын иеленді. 2006 жылдан ҚР Көркем академиясының академигі, 2008 жылдан Қызылорда «Болашақ» университетінің құрметті профессоры. 2013 жылы Халықаралық ТҮРКСОЙ сыйлығының иегері атанды. 2019 жылы Солтүстік Кипрде жеке шығармашылық көрмесі өтті.
Суретшінің туындылары Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейінде, еліміздің облыстық музейлерінің қорларында, сондай-ақ Қазақстан және АҚШ, Ресей, Жапония, Йемен, Францияның жеке коллекциялары мен галереяларында сақтаулы.
Көрме кураторлары: Самал Мамытова, Ален Ли