Компания Қытайда, сондай-ақ Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдерінде контентті тарату мүмкіндіктері бойынша келіссөздер жүргізді.
Freedom Media Group 2026 Silk Road Outstanding Films Exchange and Promotion Event халықаралық индустриялық алаңында өз өндірісіндегі сериалдар мен фильмдер топтамасын таныстырды. Іс-шара 20–22 қыркүйек аралығында Қытайдың Сиань қаласында өткен XIII «Жібек жолы» халықаралық кинофестивалі аясында ұйымдастырылды.
Кино бір нарықтың шекарасымен шектелмеуі керек. Сианьда Freedom Media шетелдік киноиндустрия өкілдерін өз жобаларымен таныстырып қана қоймай, олардың халықаралық нарықтағы болашағын талқылауға көшті.
Компания командасы Қытайдағы және MENA өңіріндегі — Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка елдеріндегі ықтимал дистрибуциялық серіктестермен бірқатар кездесу өткізді. Сонымен қатар Freedom жобаларының халықаралық кинофестивальдерге қатысуы және қазақстандық контентті шетелдік нарықтарда ілгерілету мүмкіндіктері талқыланды.
Кәсіби бағдарлама киноиндустрияның 300-ден астам өкілін біріктірді. Олардың қатарында продюсерлер, контент құқықтарының иелері, дистрибьюторлар, кинотеатрлар желілерінің және халықаралық ұйымдардың өкілдері болды. Іс-шараға Қытай, Қазақстан, Мысыр, Малайзия, Қырғызстан, Өзбекстан, Бразилия, Катар, Сауд Арабиясы және Түркия компаниялары қатысты.
Бағдарламаның негізгі тақырыптары халықаралық дистрибуция, контент құқықтарын сату және бірлескен өндіріс болды. Қатысушылар өз жобаларын таныстырып, шетелдік серіктестермен және контент сатып алуға мүдделі компаниялармен жеке келіссөздер жүргізді.
«Біз үшін халықаралық кинорыноктар — жобаларымызды жаңа аудиторияға таныстыратын алаң ғана емес. Бұл қазақстандық оқиғалардың әртүрлі мәдени ортада қалай қабылданатынын түсінуге, лайықты серіктестер табуға және әр жобаның шетелдік көрерменге жету жолын айқындауға мүмкіндік береді. Біздің контентке деген қызығушылық жергілікті оқиғалардың ел шекарасынан тыс аудиторияға да түсінікті әрі сұранысқа ие бола алатынын көрсетеді», — деді Freedom Media компаниясының бас директоры Тимур Баиров.
Іс-шара аясында «Жібек жолы» фильмдер алмасу және сауда халықаралық орталығы өз жұмысын бастады. Сондай-ақ аудиовизуалды контентті орналастыруға, іріктеуге және оған тиесілі құқықтарды халықаралық деңгейде сатуға арналған цифрлық платформа іске қосылды.
Сианьдағы кәсіби бағдарламаға қатысу Freedom Media-ның халықаралық байланыстарды дамытуға және қазақстандық контентті шетелдік нарықтарға шығаруға бағытталған жүйелі жұмысының бір бөлігі болды.
Freedom Media Group туралы
Freedom Media Group — цифрлық ойын-сауық өнімдерін дамытып, төл аудиовизуалды контент өндіретін қазақстандық медиатоп. Компания Қазақстанда ғана емес, шетелде де өз көрерменін таба алатын жергілікті оқиғаларды экранға шығаруға бағытталған.