Бүгінгі таңда Орталық Азия елдері түрлі әлеуметтік- экономикалық салаларда мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін нақты деректерді белсенді пайдаланады.

Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген 150-ден астам мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылары 17-18 мамыр аралығында Алматы қаласында өткен «Экономикалық даму мүддесіндегі тиімді басқару» екінші конференциясына қатысу үшін жиналды. Қатысушылар мемлекеттік саясат пен реформалардың тиімді шараларын әзірлеу үшін деректер мен нақты материалдарды пайдалану саласындағы инновациялық тәсілдерді талқылап, озық тәжірибелерімен алмасты.

Конференция «Экономикалық даму мүддесіндегі тиімді басқару» (EGED) бағдарламасы аясында Ұлыбритания үкіметі Ұлыбританияның Сыртқы істер, достастық және даму министрлігі арқылы қаржыландыруымен өтуде, ал жүзеге асыру Дүниежүзілік банк пен Техникалық ынтымақтастық және даму агенттігі (ACTED) тарапынан жүргізіледі. Оны іске асыру 2022 жылы азаматтық қоғамды мемлекеттік саясатты қалыптастыру процесіне тартудың инклюзивті тәсілдерімен қатар заманауи талдамалық әдістерді қолдануға жәрдемдесу үшін Орталық Азия елдерінде неғұрлым сапалы деректер мен нақты материалдарды дайындау мақсатында басталған болатын.

«Орталық Азия нақты деректер негізінде мемлекеттік саясатты әзірлеу саласында үлкен әлеуетке ие. Бүгінгі конференция осы бағыттағы өңірдегі прогресті жеделдететін катализатор болып табылады, - дейді Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскурякова. - Сенімді деректер мен нақты материалдарды жинау және пайдалану Дүниежүзілік банк қызметінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады және бұл саланың Орталық Азия елдерінің жақындасуына ықпал ететіні мені қуантады».

Іс-шара барысында қатысушылар деректерді жинау және талдау, сондай-ақ оларды мемлекеттік саясатта пайдалану тәжірибелерімен бөлісті. Дүниежүзілік банктің сарапшылары «Орталық Азия азаматтарына құлақ аса отырып» атты соңғы зерттеулердің нәтижелері туралы баяндамалар жасады, онда азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін факторлар, сондай-ақ билік органдарының өңірдің барлық елдерінде жұртшылықпен тиімді өзара іс-қимыл жасау тетіктері талданады.

«Орталық Азия елдері тұрақты және инклюзивті экономикалық өсуге қол жеткізу, халықтың әртүрлі топтары үшін мүмкіндіктерді кеңейту және өз азаматтарының өмір сүру деңгейін арттыруды мақсат етіп қойды. Мемлекеттік басқаруды жетілдіру және мемлекеттік саясатты әзірлеу процесінде сенімді деректерді жүйелі пайдалануды ынталандыру - осы мақсаттарға қол жеткізудің басты шарттарының бірі», - деп атап өтті Ұлыбританияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Кэти Лич.

Гендерлік теңдік мәселесіне арналған арнайы сессия аясында Орталық Азия елдерінің экономикалық дамуы бойынша жақында жүргізілген талдау нәтижелері ұсынылды. Сондай-ақ қатысушылар қоғамның барлық топтарының мүдделерін ескеретін заңнаманы әзірлеу процесінде деректерді пайдалану мәселелерін талқылады. Сарапшылар өз елдері деңгейінде кемсітушілікке, қауіпті әлеуметтік құбылыстарға және гендерлік зорлық- зомбылыққа қарсы күреске бағытталған табысты бастамаларды іске асыру процесінде жинақталған тәжірибелерімен алмасты.

Сонымен қатар, Қазақстан үкіметі биылғы конференцияны ұйымдастырушылардың бірі болып табылады, бұл еліміздің 2023 жылдың басында EGED бағдарламасына қосылуымен тұспа-тұс келді.

«Біз Алматы қаласында Орталық Азия, Моңғолия және Ұлыбритания елдерінің ұлттық статистикалық қызметтерінің басшыларын қарсы алуға қуаныштымыз. Бұл елдер үшін өз көзқарастарымен бөлісудің және мемлекеттік статистика жүйелерін жаңғырту жөніндегі жоспарларымызды үндестірудің бірегей мүмкіндігі. Біз бәріміз ортақ бір мақсатты – барлық азаматтар мен саяси шешімдер қабылдаушыларға қолжетімді шынайы деректерді ұсынуды көздеп отырмыз», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының басшысы Жандос Шаймарданов. – «Біз мемлекеттік саясатты жасаушылар, зерттеушілер мен азаматтар үшін деректермен жұмыс істеудің сауаттылығын арттырудың жаңа бағдарламасын іске асыруға кірістік. Бағдарлама деректер негізінде шешім қабылдау мәдениетін дамытуға ықпал етеді. Қазақстан EGED бағдарламасына қосылуға қуанышты. Бұл платформа өңірлік деңгейде ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады деп үміттенеміз».