2026 жылдың 23-26 сәуір аралығында Астана қаласында «Қазақстандағы Ресей мәдениеті күндері» аясында Kinopark 7 IMAX Keruen кинотеатрында (Сол жағалау, Достық көшесі 9, «Керуен» СО) Ресей Мәдениет министрлігінің қолдауымен РОСКИНО ұйымдастырған Ресей киносының фестивалі өтеді.

«Қазақстандағы Ресей киносының фестивалі – екі елді өнер мен кинематография арқылы біріктіретін маңызды оқиға. Бұл іс-шара халықтар арасындағы достықты нығайту, мемлекетаралық мәдени алмасуды дамытып, бұдан былай да табысты серіктестікте болу үшін тағы бір маңызды қадам болмақ», - деп  атап өтті Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимова.

«Біз қазақстандық көрерменге бүкіл әлем көрермендерінің сүйіспеншілігіне ие болған фильмдерді ұсынатынымызға қуаныштымыз. Мәдени диалогтың бір бөлігі болу және Астанада заманауи орыс киносының үздік үлгілерін көрсету біз үшін үлкен мәртебе», – деп түсіндірді РОСКИНО-ның бас директоры Эльза Антонова.

Фестиваль бағдарламасында ауқымды аудиторияға арналған түрлі жанрдағы фильмдер бар:

  • «Август» (реж. Н.Высоцкий, И. Лебедев) – Владимир Богомоловтың романына негізделген, 1944 жылдың жазында қарсы барлаудың ұйымдастыруымен өткен «Багратион» тарихи әскери операциясы туралы баяндайтын әскери драма.
  • «Чебурашка 2» (2026, реж. Д. Дьяченко) – бәріміз жақсы көретін Чебурашка, Гена және олардың достарының шытырман оқиғалары туралы отбасылық комедияның жалғасы. Бір-бірін түсіну үшін оларды қызықты, бірақ қауіпті жол күтіп тұр.
  • «Буратино» (2025 ж., реж. Игорь Волошин) – Алексей Толстойдың ағаш бала туралы әйгілі ертегісінің музыкалық, отбасылық нұсқасы. Бұл баршаға сүйікті әңгімені тағы бір оқып шығуға жетелейді.
  • «Авиатор» (2025, реж. Е. Кончаловский) – Евгений Водолазкиннің романы бойынша түсірілген. Роман желісі бойынша құпия зертханада жүз жыл бұрын кеңес ғалымдары қатырып қойған адам есін жияды.
  • «Первый на Олимпе» (2025, реж. А. Михалков) – бұл қоршаудан аман қалып, спортқа соғыстан кейін келген бозбала – Олимпияда чемпионы Юрий Тюкаловтың спортшы болып қалыптасуы туралы фильм.
  • «Красный шёлк» (2025, реж. Андрей Волгин) – фильм сюжеті КСРО мен Қытайдың болашағын шешетін маңызды құжаттар болып табылатын орыс-қытай жобасына негізделген. Қарапайым жолаушы кейпіндегі тыңшылар мен қылмыскерлер сол құжаттарды қолға түсіруге әрекет етеді.
  • «Три кота. Путешествие во времени» – ескі диванның уақыт машинасы екенін біліп, дәуірлерге сапар шеккен сүйкімді үш марғаудың саяхаты туралы көңілді, толықметражды мультфильм.

«Газпром-Медиа Холдинг» отандық контентті шетелде ілгерілетуге көп көңіл бөледі және бүкіл әлемде өтетін РОСКИНО фестивальдеріне тұрақты түрде қатысады. Қазақстандағы көрсетілімдер бағдарламасына холдингтің қолдауымен түсірілген «Первый на Олимпе» спорттық драма кірді. Кино – бұл бәріне ортақ тіл. Ал мұндай ішкі күш туралы оқиғалар көрерменге шабыт беріп, ештеңе түсіндірмей-ақ көрерменнің көңілінен шығады. Бұл фильмнің бізді көп нәрсе байланыстыратын елде, Қазақстанда көрсетілетініне қуаныштымыз. РОСКИНО мен Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігіне жүйелі жұмысы үшін алғыс айтамыз. Холдинг өз тарапынан адамдардың жүрегіне жол табатын жобаларға бұдан былай да салым салады»,  - деп атап өтті «Газпром-Медиа холдингінің» бас директоры Александр Жаров.

«Буратино» фильмі классикалық сюжетке сүйене отырып, әр түрлі елдер мен ұрпақтардың көрермендерін біріктіруді жалғастырып, бала кезден таныс тарихтың заманауи нұсқасын ұсынады. Өз кезегінде, «Красный шёлк»  2025 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік прокаттағы ең сәтті ресейлік фильмге айналып, Ресейде де, шетелде де, Қытайдағы прокатта да көрермендердің жоғары қызығушылығына ие болды. Қазақстандық көрермендер бұл картиналарға жақсы баға беретініне сенімдімін. Біз үшін бұл, кино арқылы елдер мен халықтар арасындағы диалогты дамытудағы маңызды қадам», - деп атап өтті Ұлттық Медиа тобының бас директоры Светлана Баланова.

«Первый на Олимпе» картинасы басты кейіпкердің күресі мен оның жеңісі туралы. Ерік-жігердің ең қиын сәттерде қалай шыңдалатыны туралы. Батырдың жеңісі кездейсоқ жетістік емес, ішкі дүниесімен ұзақ жұмыс істеудің нәтижесі. Адамдарға бұл трансформация мен тарихты түсіну үшін тіл де, мәдениет те кедергі келтірмейді», - деп түсіндірді режиссер Артем Михалков.

Сондай-ақ, фестиваль қонақтарын шығармашылық делегация өкілдері – актерлер Дарья Кукарских («Авиатор»)  және Антон Савватимовпен («Первый на Олимпе») кездесулер күтеді. Олар фильмдерді таныстырып, көрермендермен әңгімелеседі.