2026 жылдың 1 маусымында Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Нархоз университеті бірлесіп ұйымдастырған «Цифрландыру дәуіріндегі әлеуметтанулық зерттеулер: трендтер мен сын-қатерлер» атты форум өз жұмысын бастады.

Іс-шараға зерттеу орталықтарының мамандары, академиялық қауымдастық өкілдері, мемлекеттік органдар және халықаралық сарапшылар жиналды. Форумда әлеуметтану ғылымының қазіргі даму бағыттары, зерттеу әдіснамасын жетілдіру, деректер сапасы, панельдік зерттеулерді дамыту, сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні әлеуметтік зерттеулерде қолдану мәселелері талқылануда.

"Әлеуметтанудың рөлі күшейіп келеді»

Форумды ашқан Нархоз университетінің президенті Қанат Қожахмет қоғамның жедел цифрлануы жағдайында әлеуметтану ғылымының маңызы арта түскенін атап өтті.

Оның айтуынша, қазіргі кезеңде әлеуметтану тек сауалнама жүргізумен шектелмей, жиналған деректерді терең талдау және оны басқарушылық шешімдерге айналдыруға бағытталуы тиіс.

«Жасанды интеллект әлеуметтану саласының алдына да елеулі сын-қатерлер қойып отыр. Бүгінде әлеуметтану тек дәстүрлі сауалнамалар мен үлкен деректер жиынтығымен шектелмейді. Оның басты міндеті – деректерді түсіндіру, интерпретациялау және басқарушылық шешімдер қабылдауға негіз болатын қорытындылар қалыптастыру», – деді ол.

Қоғамдық талдауға сұраныс өсуде

Қанат Қожахметтің пікірінше, әлеуметтік желілердің ықпалы артып, ақпараттың үстірт таралуы күшейген сайын, қоғамда сапалы талдауға деген қажеттілік те артып отыр. Ол Нархоз университетінде әлеуметтану бағытының дамуы мен ғылыми кадрлар даярлау деңгейіне де тоқталды.

ҚСЗИ: форум — практикалық шешімдер алаңы

ҚСЗИ директоры Жандос Шаймарданов форумды ашу сөзінде әлеуметтану институт қызметінде маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Оның айтуынша, бұл форум жай академиялық конференция емес, нақты зерттеу және талдамалық мәселелерге практикалық шешімдер іздейтін алаң ретінде ұйымдастырылған.

«Біздің мақсатымыз – тек талқылау емес, ортақ тәсілдер мен шешімдер қалыптастыру. Бұл форум қазақстандық әлеуметтанудың болашағына қатысты жаңа көзқарас қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді ол өз сөзінде.

Әлеуметтанудағы жаңа сын-қатерлер

Форумның алғашқы панельдік сессиясында XXI ғасырдағы панельдік зерттеулердің даму мәселелері қарастырылды. Сессияны ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Забирова жүргізді.

Ол қазіргі әлеуметтанудың трансформация кезеңін бастан өткеріп жатқанын айтып, дәстүрлі зерттеу құралдарының әлсіреуі мен цифрлық деректердің артуы жаңа әдіснамалық тәсілдерді қажет ететінін атап өтті.

Халықаралық тәжірибе

Форум барысында шетелдік сарапшылар да өз тәжірибелерімен бөлісті. Нидерландтағы LISS панелінің жетекшісі, Centerdata зерттеу орталығының өкілі Марсель Дас онлайн-панельдер құру және іріктеме репрезентативтілігін қамтамасыз ету тәжірибесін таныстырды.

Ал Принстон университетінің профессоры Ю Се Қытайдағы China Family Panel Studies жобасын ұсынып, ұзақ мерзімді әлеуметтік зерттеулердің маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл жоба ондаған мың отбасыны қамтып, қоғамдағы әлеуметтік өзгерістерді ұзақ жылдар бойы бақылауға мүмкіндік береді.

Форум жалғасады

Форум 2 маусымда өз жұмысын жалғастырады. Келесі сессияларда Қазақстандағы әлеуметтану ғылымының даму перспективалары, цифрлық трансформация жағдайындағы зерттеу тәжірибелері және жаңа аналитикалық тәсілдер талқыланбақ.

НАЗИРА БУРХАНОВА