Осы күзде Қазақстанда мәдени мұра шабыт көзіне айналып, дәстүр музыка, өнер, білім, гастрономия және заманауи технологиялар арқылы жаңаша пайымдалатын nomad alemi заманауи көшпенділер фестивалі өтеді.

Фестиваль Қазақстанның үш өңірін қамтиды. 5 қыркүйекте - Ақмола облысының Макинск қаласында, 12 қыркүйекте - Шығыс Қазақстан облысының Қасым Қайсенов ауылында және 19 қыркүйекте - Алматы маңындағы “Біздің Ауыл”  алаңында фестивальге 5 000 қонақ пен қатысушы жиналады. Жалпы ивент аясында 15 мыңнан астам адамның қатысуы жоспарланып отыр.

Қонақтарды 100-ден астам түрлі белсенділік пен мәдениет, білім, ғылым және креативті индустрия өкілдерімен кездесулер күтеді.

Спикерлер қатарында мәдениеттанушы, жазушы әрі сценарист Зира Наурызбай, дәстүрлі түркі мәдениетін зерттеуші Дәурен Тасбулатов, мультидисциплинарлық суретші әрі куратор Мансур Смағамбетов, этнограф Айгерім Мұсағажинова, журналист, продюсер әрі тарихи жобалардың авторы Майя Бекбаева және басқа да сарапшылар бар.

Фестиваль сахнасында Yenlik, «Арқайым», «Үркер», ARSHAT, Steppe Songs және dudeontheguitar өнер көрсетеді.

Фестивальдің жүрегіне айналатын көшпелі «Шаңырақ» - үйдің, бірліктің және ұрпақтар сабақтастығының символы болмақ. Ол nomad álemi фестивалімен бірге барлық үш өңірді аралап, адамдардың, идеялардың және дәстүрлердің тоғысатын орнына айналады. Осылайша қонақтарды заманауи көшпелі мәдениеттің құндылықтары төңірегінде біріктіреді.

Гастрономиялық аймақта еркін қарым-қатынасқа арналған бірегей дастархан жайылады. Қонақтар өзара әңгімелесіп, жаңа адамдармен танысып, шеберлік сабақтарына қатыса алады. Онда классикалық рецепттерден бастап авторлық интерпретацияларға дейінгі түрлі тағамдар ұсынылады.

Фестивальдің басты қызықтыратын тұстарының бірі - көшпенділердің өмір жолын интерактивті форматта танып-білуге мүмкіндік беретін кеңістік. Сонымен қатар қонақтардың өздері де жасалуына атсалысатын арт-нысандар мен инсталляциялар ұсынылады.

Фестиваль аясында көшпенділердің аңыздарынан шабыт алған театрландырылған шоу өтеді.

Ең кішкентай қонақтар үшін білім алуды қызықты ойынға айналдыратын «Болашақ» тақырыптық кеңістігі ашылады. Балалар түрлі мамандықтарды сынап көріп, өздерінің болашақ қаласын құрып, шығармашылық шеберлік сабақтары мен интерактивтерге қатыса алады. Сондай-ақ TikTok-аймақ та қарастырылған.

Фестиваль қонақтарын ең жарқын әрі креативті номад стиліндегі костюмдер үшін арнайы жүлделер күтеді.

Фестивальдің бастамашысы - ірі aitas food-холдингі. Фестиваль «Номадтар жолы» философиясының көпшілікке арналған көрінісіне айналады. Бұл философияның негізінде өз түп-тамырыңды құрметтеу болашақты батыл қалыптастыруға жол ашады деген идея жатыр. Фестиваль философиясы мен бағдарламасы туралы толығырақ ресми сайттан білуге болады. https://nomadalemi.kz

«Aitas үлкен трансформация кезеңінен өтуде. Біз заманауи food-холдинг ретінде дамып келеміз, ауқымды ребрендинг жүргізіп, құндылықтарымыз бен дүниетанымымызды айқындайтын «Номадтар жолы» философиясына келдік», - деді aitas холдингінің негізін қалаушы, инвестор және кәсіпкер Серік Толықпаев.

Aitas холдингінің стратегия және стратегиялық маркетинг жөніндегі басқарушы серіктесі Айнұр Абжанова:

«Заманауи номад үшін мәдениет пен дәстүр алға нық қадам басуға мүмкіндік беретін тірек деген ой маған жақын. Ол әлемге, жаңа идеялар мен технологияларға ашық, сонымен қатар өзінің қайдан шыққанын және өзіндік болмысын не қалыптастыратынын жақсы түсінеді. Мен үшін nomad álemi идеясының мәні де осында - бізге ата-бабамыздан жеткен мәдени кодты бүгінгі күннің энергиясымен ұштастырып, оның жаңа қырларын бірге іздеу. Заманауи номад өткен мен болашақтың бірін таңдамайды - ол екеуін байланыстырып, өз жолын қалыптастырады», - деп өз пікірін білдірді.

Фестиваль билеттерін осы сілтеме арқылы сатып алуға болады:

Фестивальдің толық бағдарламасы: https://nomadalemi.kz

Назира Бурханова