Dirty Ctrl мен ZAQ бұл композицияны Freedom Кино мен ТВ ұсынған жаңа суперқаһармандар туралы сериалға арнап арнайы жазған. Ән алғаш рет Park Live фестивалінде шырқалып, енді, міне, цифрлық жанкүйерлерге да жол тартты.

Тұсаукесерде көрермендер ду қол соқты: небәрі 1 минут 25 секундта екпінді бит, қарқынды перкуссия, эмоцияға толы читка мен қазақша лирика тыңдарманға ерекше әсер сыйлады.

Тректің өзегінде «I’m crazy, ата мені TOXIC» деген қайырма бар. Мұндағы «toxic» сөзі біреуді кінәлау немесе мін тағу емес, керісінше, өзіңнің кейде «токсик» болып кететініңді әзіл ретінде мойындау сияқты естіледі. Өзгенің пікіріне бола қатты уайымдамай, өз құндылығыңды жақсы түсіну — ZAQ композициясының көңіл күйін осылай сипаттайды.

Музыкант үшін бұл туынды көптен бері ойда жүрген бірлескен жұмыстың жүзеге асуына да себеп болды. Dirty Ctrl тобын ол алғаш рет Oyu Fest фестивалінде көрген.

«Маған олардың жалпы образы мен стилі ұнады. Сол кезде бұл жігіттермен бір күні міндетті түрде бірге бірдеңе жасап көру керек деген ой келді. Кейін дәл сондай ұсыныс түсті — трек бізге ортақ таныстарымыз арқылы келді», — дейді ZAQ.

«Маған осындай агрессивті биттер ұнайды. Мәтін жазып отырғанда перкуссия мен барабанщиктерге ерекше мән беріп, олардың мінезін сөздер арқылы да, тректің жалпы дыбысталуы арқылы да жеткізуге тырыстым», — дейді музыкант.

Ал сериалдың өзі туралы оған көп ақпарат айтыла қоймаған. Оның білетіні — оқиға суперқаһарман жайында екені ғана. Сондықтан мәтін белгілі бір сюжетке сүйенбей, жобаның жалпы атмосферасы мен көңіл күйіне құрылды.

«Мәтінде суперқаһармандық әрі токсик вайбты жеткізгім келді. Жалпы, екі-үш нұсқа жазып көрдім де, соңында осы нұсқаға тоқтадық. Мәтін оны өзім қалай түсінгеніме сай шықты. Жігіттер спойлер болып кетпесін деп, әдейі көп нәрсе айтпаған шығар. Тек туынды суперқаһармандар туралы екенін жеткізді», — дейді ZAQ.

Ал Dirty Ctrl тобының музыканттары былай дейді:

«TOXIC трегін жасауға біраз уақыт кетті. Бір композицияның ішінде бірнеше жанрды ұштастырып, түрлі аспаптарды, соның ішінде синтезаторларды қолданғымыз келді. Біз үшін бұл өте қызық әрі жаңа тәжірибе болды. Әрине, басты мақсат — суперқаһармандық атмосфераны сақтап қалу. Трек тыңдарманға күш беріп, шабыттандырып, жігерлендірумен қатар, әуенімен бірден баурап алуы керек болды.

Репетициялардың бірінде бір әуеннің желісін тауып, соны әрі қарай жетілдіре түстік. Нәтижесі өзімізге қатты ұнады. Кейін оған drum and bass стиліндегі барабандар мен синтезаторларды қостық. Осылардың бәрі бірігіп, тректің қазіргі дыбысталуын қалыптастырды. Содан-ақ читканы, рэп партиясын және негізгі сөздерді — IMMA TOXIC, IMMA IMMA KING — бірден ойластыра бастадық.

Бәрі жақсы шығып келе жатты, бірақ бір нәрсе әлі де жетіспейтіндей көрінді: күшті читка мен көбірек динамика керек болды.

«Сол кезде бізге тағы бір артист керек екенін түсіндім — өзіндік стилі бар, мықты рэп орындайтын адам. Бірден ZAQ-ты елестеттім. Ол кезде екеуміз әлі таныс та емес, араласпайтынбыз. Соған қарамастан, біраз ойланып, командаға дәл осы адам керек екенін қайта-қайта айттым. Демо нұсқаны тікелей оған жібермедік, бірақ көп ұзамай жақсы жауап алдық.

ZAQ жобаға қосылып: “Еу-у-у, жігіттер, күшті екен! Трекке кірісейік, өз партиямды жаза бастаймын”, — деді. Бәрі өте жылдам өрбіді: мен өз партиямды жаздым, ал ZAQ осы ырғақты бірден іліп әкетіп, өз бөлігін жіберді. Кейін оны бірге талдап, жазбаға кірістік. Нәтижесінде өте жақсы трек шықты».

Дыбысталуы жағынан TOXIC агрессивті болғанымен, ауыр әсер қалдырмайды. Музыканттың өзі бұл агрессияны қысым жасайтын емес, керісінше, тыңдарманға қуат беретін сипатта деп бағалайды.

«Мен жеткізгім келген ой — ол көңілді болу. Бір жағынан, әзілдеу, сәл “токсик” бола білу. Екінші жағынан, өзіңді бағалау, өз құндылығыңды түсіну және өзгелердің сені төмендетуіне жол бермеу».

Әнде хейтерлерге арналған астарлы ишара да бар. Алайда ZAQ оны арнайы бір манифестке айналдырғысы келмейді:

«Мүмкін, мұнда көзге көрінбейтін хейтерлерге, яғни ойдан шығарылған кейіпкерлерге арналған шағын ишара бар шығар. Жалпы, айтпағым — осы. Мұнда аса терең мағына немесе өте маңызды бір месседж іздеудің қажеті жоқ. Бұл — рэперлер жақсы көретін self-celebrating дегенге келетін дүниенің бірі».

Сонымен бірге TOXIC трегінің музыкалық атмосферасы сериалдың оқиғасымен де үйлеседі. Сериалда ерекше қабілетке ие болғаннан кейін өмірі күрт өзгеретін жігіт туралы баяндалады. Жаңа күштері оған бір жағынан мүмкіндік берсе, екінші жағынан қиындық әкеледі. Кейіпкер түрлі сынақтардан өтіп, өз мүмкіндіктерін танып-білуге әрі оларды дұрыс пайдалануды үйренуге мәжбүр болады.

Композиция авторлары — Думан Амантауов, Мейірлен Шарипхан, Азиз Такирбасов және Дулат Мұхаметқали.

Айта кетейік, TOXIC трегін барлық музыкалық платформалардан тыңдауға болады. Ал сериалдың тұсаукесері 2026 жылғы 10 қыркүйекте Freedom Кино мен ТВ платформасында өтеді.