2022 жылғы 12 мамыр – Ташкентте 11 мамырда аяқталған "Space Technology Сonference Central Eurasia" шеңберінде "ҚАЗАҚСТАН ҒАРЫШ САПАРЫ" ҰК" АҚ басқарма төрағасы, әйгілі қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов ғарышқа ұшу модельдерін зерттеу және ғылыми эксперименттер жүргізу үшін Орта Азияда алғашқы эксперименттік құрлық кешенін құру жоспарланғанын жариялады. Жобаның серіктесі Eurasian Space Ventures жеке ғарыш компаниясы және оның негізін қалаушы Еуразиялық банктің директорлар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов болып табылады.

Эксперименттік құрлық кешені ғарыш станциясының бір бөлігі түрінде тұрғызылып, онда зерттеушілер ұзақ мерзімді эксперименттер жүргізетін болады. Модульдің жұмысқа жарамдылығына жергілікті тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері жауап бермек. Зерттеу жобаларының қатысушылары ғарыштағы оқшаулануға барынша жақын тұрақты ортада жұмыс істейтін болады.

Кешеннің негізгі міндеттеріне ғарыш қызметінің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін, медициналық профилактика құралдарын, экипаждың жұмысқа қабілеттілігі мен сергектігін, экипаждың дербестігін, оқшаулану салдарын және онымен байланысты физиологиялық стрессорларды зерделеу жатады.

"Ғарыш саласы – біздің еліміз үшін ғылым мен техниканың тың бағыты, ғарыштық технологиялар, геофизика, медицина және биология, биотехнологиялар және іргелі ғылымдар саласындағы ғылыми эксперименттер ғарыш жетістіктерін кез-келген қызмет саласына ендіруге мүмкіндік береді", - деп атап өтті конференцияда "Қазақстан ҒАРЫШ САПАРЫ" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Айдын Айымбетов.

Сонымен қатар кешенде сынаушылардың қажеттіліктеріне қарай зерттеуге қажетті құрастырмалы тұрғын үй бөліктері, күн-түн циклдары және қоршаған ортаның инновациялық жұмыс жағдайлары сияқты ерекше ресурстар ұсынылатын болады.

"Орталық Азиядағы алғашқы ғарыштық зерттеу модулі көптеген энтузиаст жандардың арманын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ғарышқа ұшу бақыты бүкіл әлемде ондаған адамдарға ғана бұйыруы мүмкін, ал қазақстандық эксперименттік кешен болашақта ғарыштық жобаларға қол тигізгісі келетін жүздеген ғалымдар мен мыңдаған туристерді қабылдайтын болады", - деп түйіндеді Eurasian Space Ventures негізін қалаушы Шухрат Ибрагимов.

Эксперименттік құрлық кешенінің сыртқы және ішкі түрі қазіргі уақытта белсенді түрде пысықталуда және 2022 жылы бөлек таныстырылатын болады. Жоба бастамашыларының пікірінше, бұл жұмыста Халықаралық ғарыш станциясында, сондай-ақ Hawaii Space Exploration Analog and Simulation (HI-SEAS) және NASA, Еуропалық ғарыш агенттігі және Роскосмос қолдауымен іске асырылып жатқан осыған ұқсас жобалар шеңберінде пайдаланылатын үздік әлемдік тәжірибе ескерілмек.