Қазақстандық студенттер Таяу Шығыс пен Орталық Азияның 11 елінен келген 20 ұлттық команда арасында үздік атанды

Екі қазақстандық студенттер командасы 2023 жылғы 19-21 желтоқсан аралығында Бахрейн Корольдігінде өткен Таяу Шығыс және Орталық Азия елдері бойынша Huawei ICT Competition байқауының өңірлік финалында жүлделі орындарға ие болды. Бағдарламаға өңір бойынша 600-ден астам университеттерден 27 500-ден астам студент қатысты.

Қазақстандық екі команданың да қанжығасы майланды, олар Computing Track бағытында Гран-при және Cloud Track бағыты бойынша 1-орынды жеңіп алып, құрмет тұғырына көтерілді. Computing Track бағытындағы үздік студенттер қатарында Yessenov University студенті Утебай Оралбай, KBTU студенті Сарсенбай Даниял және Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің студенті Жиляков Николай болды. Cloud Track бағыты бойынша жеңімпаздар командасының құрамында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Бегайдарова Аида мен Молдахметов Дидар және KBTU студенті Жанел Гаухар бар.

Студенттер желілік, бұлттық және есептеу тректерін қамтитын практикалық байқауға қатысты. Байқауда студенттердің теориялық білімі және АКТ-мен жұмыс істеудегі практикалық дағдылары, сондай-ақ олардың командада жұмыс істеу қабілеті сыналды.   

«АКТ-таланттар Таяу Шығыс пен Орталық Азияның цифрлық экономикасының маңызды негізін құрайды. Huawei компаниясы студенттерге АКТ-дағы терең білімі мен практикалық дағдыларын нығайтуға баса назар аудара отырып, білім алу, салауатты бәсекелестік және инновациялық идеялармен алмасу үшін платформа ұсынуға тырысады. Huawei ICT Competition байқауы көреген мемлекеттік көшбасшыларды, ғылыми орталарды және ынталы студенттерді біріктіретін үйлестіру платформасы бола отырып, бүкіл өңірде парасатты жастарды тәрбиелеуге деген біздің бейімділігімізді көрсетеді», - деп атап өтті Таяу Шығыс және Орталық Азия елдерінің Huawei вице-президенті Ван Шунли.

Биылғы жылы байқау жоба тарихындағы ең көп қатысушыларымен есте қалды. Huawei байқауының аймақтық финалына Таяу Шығыс пен Орталық Азияның 11 елінен, соның ішінде Қазақстан, Ирак, Оман, Сауд Арабиясы, Пәкістан, Иордания, Ливан, БАӘ, Бахрейн, Кувейт, Катар елдерінен 20 команда қатысты, олар жеңіске жеткен жағдайда, Қытайда 2024 жылдың мамыр айында өтетін жаһандық финалға өту мүмкіндігіне ие болады.

Huawei ICT Competition байқауы АКТ саласындағы болашақ көшбасшыларды анықтау, қолдау және дамыту мақсатында ЮНЕСКО-мен, Таяу Шығыс және Орталық Азияның мемлекеттік органдарымен, колледждерімен және университеттерімен ынтымақтастыққа бағытталған. Бағдарлама университет пен жұмыс орны арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған, осылайша АКТ саласындағы соңғы әзірлемелер мен халықаралық тенденциялар, сондай-ақ Huawei-дің заманауи зертханаларында, ғылыми-зерттеу орталықтарында және басқа да нысандарында біліктілікті арттыру бойынша практикалық білім алу арқылы АКТ студенттерінің болашақта жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтеді.