12 мың алматылық қаржылық сауаттылық бойынша оқудан өтуге мүмкіндік алады. «Қарызсыз қоғам» жобасы басталғаннан бері мегаполистің 3500 тұрғыны өз қаржысын басқаруды үйренді. Бұл ақпаратты Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында жобаның бастамашылары айтты.
Amanat партиясы іске қосқан «Қарызсыз қоғам» жобасы проблемалық кредиттер мен қарыздар салдарынан қиындықтарға тап болған қазақстандықтарды қолдауға бағытталған. Алматыда жоба 2024 жылдың 5 ақпанынан бастап қалалық әкімшілікпен бірлесіп жүзеге асырылуда.
Брифингте сөз сөйлеген Amanat партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қуаныш Төлепов Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында жобаның маңыздылығын және оны еліміздің барлық өңірлерінде кеңейту қажеттігін атап өтті.
Биыл жоба бойынша еліміздің барлық өңірінде 200 мың адамды, оның ішінде Алматы қаласының 12 мың тұрғынын оқыту жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта қала әкімдігімен бірлесе қаламыздың 6 мекен-жайы бойынша оқыту өткізілуде. Алматы қаласына 6 қаржы сарапшысы бекітілген. Олар түске дейін жалпы бағдарлама, түстен кейін қатысушының қалауы бойынша жеке кеңестер береді. Жоба қаланың 8 ауданын қамтиды. Оқыту 5 күн болады. Осы уақыт ішінде қатысушылар отбасылық бюджетті жүргізуді, шығындарын басқаруды, несиелік қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу бойынша ұсыныстар алуды, тиімді шарттармен несие таңдауды, депозиттердің әртүрлі шарттарымен танысуды, ірі сатып алуларды жоспарлауды үйренеді», - деді Қ.Төлепов.
Жоба басталғаннан бері қазіргі уақытқа дейін 11 ағын оқытылып, барлығы 3500-ден астам қатысушы қаржылық сауаттылық бойынша оқытудан өтті.
Сондай-ақ оқыту шеңберінде қаржы сарапшылары жеке консультациялар өткізеді және қатысушылардың қалауы бойынша өз бизнесін ашу үшін мемлекеттік гранттық және кредиттік бағдарламаларға бизнес-жоспар жазуға көмектеседі. Жоба аясында қатысушылар білікті заң көмегін алып, шоттарына тыйым салынған, қарыздары коллекторлық компанияға сатылған жағдайда немесе несиелік қарызды қайта құрылымдау бойынша көмектер ала алады. Бұл оқудан офлайн форматта бір топта 100 адамға дейін өтуде.
«Қарызсыз қоғам» жобасы қарызға белшеден батып, үмітін үзгендерге нақты қолдау көрсетеді. Жоба қолда бар қаражатқа өмір сүруге, қажетсіз несиеден бас тартуға үйретеді. Бәрін осы жобаға қатысып, өзінің қаржылай сауаттылығын арттыруға шақырамын», - деді Қ.Төлепов.
Оқыту азаматтарға қаржылық мәселелерді жақсырақ басқаруға және ақшаларын басқаруда негізделген шешімдер қабылдауға көмектеседі деп күтілуде. Бұл өз кезегінде қоғамдағы жалпы экономикалық тұрақтылықты жақсартуға ықпал етеді.
Тегін курстар мен оқудан өтуге ниет білдірушілер тұрғылықты жері бойынша Amanat партиясының аудандық филиалына немесе аудан әкімдіктеріне жүгіне алады. Қатысушыларға ыңғайлы болу үшін qogamfin.kz онлайн-платформасы да іске қосылды, ол арқылы сіз оқу курстарына жазылып, пайдалы материалдар мен бейне сабақтарды жүктеп алуға болады.