Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында туа біткен жүрек ақауы (ТЖА) бар балаларды ерте диагностикалау мен қолдау мәселелеріне арналған баспасөз конференциясы өтті.
Шараға «Heart Center Foundation» қоғамдық қорының директоры Мұрат Зауыров, University Medical Center клиникалық академиялық педиатрия департаментінің директоры, балалар кардиологы Татьяна Иванова-Разумова және UMC Жүрек орталығының балалар кардиологы Айкерім Жанатқызы қатысып, ата-аналар мен дәрігерлерге арналған ауқымды білім беру бағдарламасы туралы айтты. Бағдарламаның мақсаты – жүректің туа біткен ақаулары жөнінде қоғамның хабардарлығын арттыру және ерте диагностиканы дамыту.
Сарапшылардың айтуынша, бүгінде Қазақстанда ТЖА диагнозы қойылған 380 мыңнан астам бала бар. Жыл сайын шамамен 2,5 мың жаңа жағдай тіркеледі, оның 400-ге жуығы Алматы қаласына тиесілі. Тек 2025 жылдың алғашқы алты айында Алматыда 18 жаңа туған нәрестелерге ота жасалды. 2024 жылы елімізде балаларға жүрек ақауларын түзету бойынша 1,7 мың ота жасалып, оның шамамен 500-і Астанадағы UMC Жүрек орталығында өтті.
«Туа біткен жүрек ақаулары – балалар арасындағы ең жиі кездесетін патологиялардың бірі, ол алғашқы апталар мен айларда көбіне белгілерсіз өтеді. Ата-аналардың хабардарлығының жеткіліксіздігі және диагностикаға қолжетімділіктің біркелкі болмауы ауруды кеш анықтаудың басты себептері болып отыр», – деді Мұрат Зауыров.
Уақытында медициналық көмек көрсетілмесе, мұндай ақаулар ауыр асқынуларға және тіпті өмірге қауіп төндіруі мүмкін
Татьяна Иванова-Разумованың айтуынша, қазіргі заманғы пренаталдық скрининг әдістері жүктіліктің 18–21 аптасында ауыр жүрек ақауларының 85%-ына дейін анықтауға мүмкіндік береді.
«Жүктіліктің екінші триместрінде жасалатын фетальды эхокардиография – күрделі жүрек ақауларын ерте анықтауға мүмкіндік беретін маңызды құрал. Ерте диагностика ата-аналарға босануға дайындалуға және кейінгі ем қабылдайтын клиниканы таңдауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Бүгінде Қазақстанда жаңа туған нәрестелерге, соның ішінде салмағы төмен балаларға да кардиохирургиялық операциялар жасауға толық техникалық мүмкіндік бар. Мұндай оталар көбіне өмірінің алғашқы айларында жасалып, балаларға толыққанды өмір сүруге және дамуға жағдай жасайды. Әрбір жағдай жеке қарастырылғанымен, күрделі туа біткен жүрек ақауларында хирургиялық араласу негізгі түзету әдісі болып қала береді.
Алматыда «Heart Center Foundation» қоғамдық қоры ата-аналар мен дәрігерлерге арналған Пациенттер мектебін ұйымдастырды. Бағдарлама екі бағыттан тұрады: ата-аналарға арналған ақпараттық сессия және педиатрлар, неонатологтар мен функционалдық диагностика дәрігерлеріне арналған эхокардиография бойынша шеберлік сабағы. Сарапшылар ата-аналарға жүктілік кезінде қандай тексерулер маңызды екенін және операциядан кейін баланы қалай күту керектігін түсіндіреді.
Мұрат Зауыровтың айтуынша, бағдарламаның мақсаты – қоғам мен дәрігерлер арасындағы сенім мен өзара байланыс деңгейін арттыру.
«Біз балаларға көмек көрсетудегі ата-аналардың хабардарлығы мен дәрігерлер дер кезінде диагноз қойып, көмектесе алатын мәдениетті қалыптастырғымыз келеді. Бұл тек медицина емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі», – деп атап өтті ол.
Соңында сарапшылар ерте диагностика – баланың өмірі мен денсаулығын сақтап қалудың басты мүмкіндігі екенін айтты. Олар қазақстандықтарды дәрігерлерге сеніп, жүктілік кезіндегі тексерулерді кейінге қалдырмауға шақырды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ