Жүз мыңдаған адамның тағдыры тоғысқан үлкен қалада кикілжің болмай тұрмайды. Көршілерің бар, ата-аналар мен мектептер бар, одан қалса жалға алушы, жалға берушілер, компания қызметкерлері – бәрінің арасында әйтеуір бір келіспеушілік болады. Ол қаладағы қалыпты жайтқа айналғалы қашан.

Бірақ Алматыда жанжалды дау-дамайға ұластырмай, түсінісуге мүмкіндік беретін бір алаң бар. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өз жұмысын баяндаған Қазақстан халқы Ассамблеясының Медиация кеңесі осындай алаң.

Айыптамай, шешім іздейтін орын

«Медиатордың міндеті кінәлау емес, шешім табу», – деп бастады өз сөзін РҚБ «Халықаралық құқық қорғау орталығы» Медиация орталығының басшысы, «Қазақстан медиаторлар қауымдастығы»- ның бас директоры Жанділдә Жақыпов.

Ол өзінің өмір жолында отбасылық келіспеушіліктен бастап ұйымдар арасындағы дау-дамайға дейінгі біраз іске араласыпты. Соның бәрінде медиатор тараптарды тыңдап, мәселені ың-шыңсыз шешуге көмектескен.

Соңғы жылдары этномедиация бағыты Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысындағы басты бағыттың біріне айналған. Бұл кездейсоқ емес: көпұлтты елде достықты, диалог пен келісімді нығайтуға АНК жауапты.

«Бұл – кәсіби әрі жүйелі түрде атқарылуы тиіс жұмыс. Бүгінде этномедиация Ассамблеяның басым бағыттарының бірі», – дейді Жақыпов.

Қазақстандық медиация моделі Түркияда таныстырылды

Жанділдә Жақыповтың айтуынша, қазақстандық этномедиация тәжірибесіне шетелде қызығушылық артып келеді.

«Өткен аптада Түркияға іссапарда біздің бейбіт шешім табу жүйемізді таныстырдым. Ердоған мырза түркітілдес медиаторлардың халықаралық ұйымын жарлықпен бекітті. Жоғарғы сот төрағасымен, бас прокурормен кездестік, біздің тәжірибеге олар қатты қызығып отыр», – дейді сарапшы.

Алматылықтар жиі жүгінетін мәселелер:

  • отбасылық кикілжің,
  • жалдау және мүлік дауы,
  • тұрғындар арасындағы кикілжіңдер,
  • мектептегі түсініспеушілік,
  • еңбек даулары.

Көп жағдайла мұндай оқиғалар сотсыз, шығынсыз, қарым-қатынасты бұзбай, бейбіт аяқталып жатады.

Айыптағаннан келіскен жақсырақ

«Медиация – бұл дұрыс немесе бұрыс деп табу емес. Бұл екі тарапқа келісуге мүмкіндік беру. Ең қиын дау да сотқа жетпей шешіліп кететінін көріп жүрміз» дейді «Қазақстандық орыс мәдени орталығы» ҚБ филиалының төрағасы Всеволод Лукашев.

Мысалы, ұйғыр халқында ажырасу мен қарттарды қараусыз қалдыру деген мүлдем жоқ. Өйткені дауларды қоғам ішіндегі медиаторлар, мәмілегерлер шешеді. «Бұл — бейбіт келіссөздің өміршең үлгісі», – дейді Лукашев.

Жанділдә Жақыповтың жетекшілігімен жастар тәрбиесі мен этносаралық негіздегі келіспеушіліктердің алдын алу бойынша Алматыдағы мектеп директорлары мен меңгерушілерге арналған бес күндік семинар өтіп жатыр.

Жылдық жұмыс ауқымы

Биыл Медиация кеңесі 25-тен астам іс-шара өткізді, оның ішінде үш халықаралық дөңгелек үстел – жалпы саны шамамен 1000 адамды қамтыған.

Филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҚК Академиясының профессоры Гүлнар Жұманова да былай деп ой қосты:

«Қыркүйек айында бес күндік кәсіби этномедиация семинарын ұйымдастырдық, этномәдени бірлестіктердің, білім басқармасының және дін басқармасының өкілдерін оқыттық. Қазір “Жас келіссөз шеберлері” атты студенттер арасындағы байқау жүріп жатыр. 13 желтоқсанда финалда командалар нақты жағдайларға негізделген рөлдік келіссөздер жүргізеді».

Барлық аудандарда белсенді жұмыс жүріп жатыр

Медиация кеңесі Наурызбайдан бастап Медеу ауданын қамти отырып, қаланың барлық бөлігінде жұмыс істейді. Кездесуге қаншама адам қатысып, мәселесін талқылап, сұрақ қойып, бір-бірін тыңдауды үйреніп жатыр.

«Соттаспай, жүйкені тоздырмай, дауды әп-сәтте шешуге болатынын білгенде бәрі таң қалады», – дейді медиаторлар.

Шынында да солай.
Ұрсысқаннан келіскен жақсы.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ