Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында белгілі балалар жазушысы, фольклоршы және қоғам қайраткері Сапарғали Ысқақұлы Бегалиннің туғанына 130 жыл толуына арналған брифинг болып өтті. Іс-шараға жазушының немересі Гүлнар Бегалина мен С. Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасының басшысы Алма Қонарова қатысты.

Брифинг барысында Гүлнар Хамитқызы Бегалин тұлғасының ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі ерекше орнына тоқталып өтті.

«Жазушы мен ғалым ғана емес, ақылды да мейірімді ата да болды. Ол ең қиын жылдардың өзінде жүрегіндегі жылулықты сақтай білді», – дейді ол.

Спикердің айтуынша, Сапарғали Бегалин жастайынан білімге құштар болып, рухани дамуға ұмтылған. Ол қазақ зиялыларының үлкен өкілі Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев және Әлкей Марғұланмен жақын араласқан.

Гүлнар Бегалина атасын замандастары жоғары бағаланғанын да еске салды.

«Сапекең өз машығы – өз сөз өрнегі, өз мазмұны, өз ерекшелігі бар белгілі қазақ ақыны болуымен қатар, есімі бүкіл елге мәлім балалар жазушысы»– деп Мұхтар Әуезовтың айтқанын қайтара еске салды.

Жазушы өмірінің көп бөлігін фольклорды зерттеуге, халық әндері, аңыздары, дастандарын жинауға, ауыз әдебиеті мұрасын сақтауға арнады. Оның 1946 жылы жазылған «Жамбыл» кітабы 50 жылдан кейін жарық көрген.

С. Бегалин атындағы Орталық қалалық балалар кітапханасының басшысы Алма Қонарова мерейтойға арналған мәдени бастамалар туралы ақпаратты жеткізді. Кітапханада жазушының шығармашылығын насихаттау бойынша ауқымды жұмыс басталып та кетіпті.

«Жазушының 130 жылдығына орай көрмелер сериясын, әдеби сағаттар мен тақырыптық кездесулер әзірледік. Балаларға автордың кітаптарын ғана емес, ол өмір сүрген дәуірдің рухын да көрсеткіміз келеді», – дейді.

Осылайша, 21 қарашада Орталық қалалық балалар кітапханасында «Рухани мұра қамқоры» атты республикалық дөңгелек үстел өтпек. Іс-шараның мақсаты – рухани құндылықты насихаттап, жас оқырмандардың балалар әдебиеті классигінің шығармашылық мұрасы туралы білімін кеңейту.

Спикердің айтуынша, кітапхана қорында Бегалиннің өміріне қатысты сирек басылымдар, қолжазбалар және мұрағаттық фотосуреттер бар. Сонымен қатар кітапханада жазушының туыстары тапсырған жеке заттары қойылған шағын мұражай бұрышы да жұмыс істейді.

«Біз әдеби мұрамен қатар оның ғылым мен фольклортануға сіңірген еңбегін де жинауға тырыстық. Бұл оқырмандарға жазушының өмір жолымен тереңірек танысуға мүмкіндік береді», – деп қосты Алма Қонарова.

Жыл бойы балалар жазушылары және әдебиет зерттеушілерімен кездесулер, мектептер мен кітапханаларда Бегалин шығармаларын оқу, оқушыларға арналған интерактивті іс-шаралар, сондай-ақ жазушы өмірі туралы тақырыптық жинақтар мен материалдарды таныстыру жоспарланып отыр.

Брифинг соңында спикерлер Сапарғали Бегалиннің мұрасы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпағанын, оның шығармалары адалдықты, еңбекқорлықты насихаттап, адамды құрметтеуге шақыратынын атап өтті.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ