Өңірлік коммуникациялар қызметінде Халықаралық таулар күніне орай «Алматы тауларының болашағы: экожүйе, қауіпсіздік, экотуризм» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Брифингке Алматы қаласы Туризм басқармасының инфрақұрылым бөлімі басшысы, «Қазгидромет» РМК өкілдері мен альпинист-құтқарушылар қатысты.

Сарапшылар қысқы кездегі қауіптер туралы жан-жақты айтып, таудағы оқыс оқиғаның көбі - қауіпсіздік ережесін елемеу, ауа райы болжамын назарға алмау мен туристердің дайындықсыз жолға шығуынан болатынын ерекше атап өтті.

Құтқарушылардың сөзінше, күз-қыс кезеңінде қауіпті жағдайлар саны артады. Көп адамдар жолдан шығып кетіп, бағытты дұрыс есептемей, навигациялық құралсыз немесе лайықты киімсіз жолға шығатындықтан, жоғалып кетуі жиілейді. Суық мезгілде соқпақтар мұздап, қар тапталып, қатып қалады да, жарақат алу қаупі де күрт артады. Киімі де дұрыс болмағандықтан тез тоңып, ақыр аяғы үсік шалуға алып келеді. Бұған қоса күн суып, қар көшіп, аяқ асты қар жауып кетуі де әбден мүмкін.

Күн райының нашарлап, қар көшкіні сияқты қауіптер жоғарылаған кезде жергілікті жедел операторлар абоненттеріне жолға шықпау керектігін айтып, автоматты түрде ескерту хабарламаларын жібереді.

Төтенше жағдайларда жедел қимылдау ету үшін Алматының тауларында бірнеше құтқару бекеті жұмыс істейді. Солардың ең маңыздысының бірі - Медеуде орналасқан бекет. Бұл жерден құтқарушылар оқиға орнына тез жетіп, қажетті көмекті көрсете алады. Мамандардың айтуынша, дер кезінде ақпарат алу, жолға дайындықпен шығып, белгіленген бағыттардан ауытқымау - таудағы жазатайым оқиғаның алдын алудың ең төте жолы.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ
Фото: Alexander Buzurnyuk