Бүгін Алматыда қар көп жауып, қала ақ көрпеге оранды. Күн райының қолайсыздығына қарамастан коммуналдық қызметтер көшелерді, аулалар мен саябақтарды тазартуға бірден кірісті. Таңертеңнен бері әкімдік қызметкерлері, жұмысшылар мен абаттандыру мамандары күшейтілген режимде еңбек етіп, қаланы қардан аршу үшін қолдан келгенін жасап жатыр.
Аязды күні далада жұмыс істеп жүрген адамдарды қолдау үшін Қоғамдық даму орталығы «Жүректен жүрекке» атты акция да ұйымдастырды. Еріктілер коммуналдық қызметкерлерге ыстық шай мен тәттілер ұсынды, бұл олардың күнделікті еңбегін құрметтеп, алғыс білдіргені.
Алматы қаласы Қоғамдық даму орталығы басшысының орынбасары Ләззат Ақылжанова дәл осы күндері еріктілердің істеген ісін ерекше атап өтті:
«Дәл осындай кездерде адам баласы барынша бауырмал бола түсіп, бір-біріне қол ұшын бергісі келіп тұрады. Біздің еріктілер де Алматыны таза әрі қауіпсіз ету үшін еңбек етіп жүрген жандарды бірден қолдай жөнелді. Мұндай бастамалар әлі де жалғаса береді», — дейді ол.

Коммуналдық қызметкерлер мұндай көңіл мен қолдауға ризашылық білдірді.
Акция Алматының бірнеше ауданында өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі іс алдағы кезде де жалғасын табады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ