Өңірлік коммуникациялар қызметінің журналистері бес баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Гүлзира Сарсембаеваға көмек көрсетті. Ол үш қыз бен екі ұлды жалғыз өзі бағып отыр. Үлкен қызы 11 жаста, кенжесі небәрі 2,5 жаста.

2022 жылы жұбайы оны бес баласымен тастап кеткен. Қазір Гүлзира ресми түрде ажырасқан. Бұрынғы күйеуі басқа әйелмен тұрады, балалардың тәрбиесіне араласпайды. Соңғы үш айда ғана 100-ақ мың теңге көлемінде алимент төлей бастапты. Оған дейін бар ауыртпалықты анасы жалғыз өзі көтеріп келген.

Қазір бұлар хостелдегі бір бөлмеде тұрып жатыр. Гүлзира сол жердің еденін жуып, пәтердің ақысын солай төлейді екен. Яғни, хостелдің еденін жуып, сөйтіп есеп айырысатынын айтты. Күндіз мектепке дейінгі даярлық орталығында мұғалім болып істейді де, түстен кейін тағы екі жерде техқызметкер болып табыс табады. Ешкімге жалынбай-ақ, күні-түні жұмыс істеп, балаларын сөйтіп ешнәрседен тарықтырмай тәрбиелеп жатыр.

Көршілері де Гүлзираның еңбекқор екенін айтады. Осында вахтер болып істейтін Зараш апай оны ешқашан мойымайтын, балаларына барын беретін өте қамқор ана деп мақтап отыр.

Жаңа жыл қарсаңында Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметі бұл отбасын назардан тыс қалдырмады. Балаларға арналған жаңажылдық сыйлық пен азық-түлік сатып алып, Гүлзираға қолдан келгенше қолдау көрсетіп қайтты.

Гүлзираның ұлдары анасы үй алып, көлікке қолы жетсе екен деп армандайды екен. Басқа ешнәрсе сұрап отырған жоқ.

Осындайда қиналған жанға көмек қолын созу - үлкен сауапты іс. Мұндай демеу мен қолдау кез келген жанға қанат бітіріп, болашаққа үмітпен қарауға ынталандыратыны сөзсіз.

Жаңа жыл бұлардың өміріне үлкен өзгеріс алып келіп, балалардың арманы орындалсын деп тіледік. Жақсылық жасап жарысайық!

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі