Алматы қаласының Алатау ауданында, Almaty Arena аумағында бесінші қалалық жаңа жылдық костюмді жүгіру жарысы — Minimarathon.kz
ұйымдастырылды.

Іс-шара Алатау ауданы әкімдігінің қолдауымен өтіп, жаңа жыл қарсаңындағы ең жарқын спорттық оқиғалардың біріне айналды.
Мерекелік шараға белсенді өмір салтын ұстанатын 1500-ге жуық адам жиналды.

Қатысушылар қатарында Жаңа жылмен байланысты түрлі ертегі кейіпкерлері болды.

Жарыс ұйымдастырушыларының айтуынша, салауатты өмір салтын таңдаған қазақстандықтардың саны жылдан жылға артып келеді. Себебі жүгірумен айналысу, спортты серік ету және денсаулықты күту — адамдардың санасындағы маңызды өзгеріс.

Жарыс жолында басты кейіпкерлер, әрине, көк, ақ және қызыл түсті киім киген Аяз аталар болды. Олардың кейбірі Ақшақарларымен бірге де жүгірді.

Дәстүрлі мерекелік жүгіру белсенді өмір салтын ұстанатын жандарды, спортшыларды және тұтас отбасыларды біріктірді. Қатысушылар 2026 метрлік символикалық қашықтықты еңсеріп, Жаңа жылды шаттыққа, карнавалдық костюмдерге және достық атмосфераға толы көңіл күйде қарсы алды.

Жүгіру инклюзивті сипатта өтті — оған әртүрлі жастағы және әртүрлі мүмкіндігі бар тұрғындар, соның ішінде оңалту орталықтарының тәрбиеленушілері де қатысты. Мұндай бастамалар отбасылық және бұқаралық спорттың дамуына, қалалық салауатты дәстүрлердің қалыптасуына және алматылықтардың бірлік рухын нығайтуға ықпал етеді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ