Өңірлік коммуникациялар қызметі қалалық және республикалық бұқаралық ақпарат құралының 60-қа жуық өкілінің басын қосқан екі күндік «Tau Media Camp» медиа-лагерін ұйымдастырды. Іс-шара Алматының тау бөктеріндегі қала сыртындағы қонақ үйдің бірінде өтіп, онда журналистер кәсіби дамумен қатар, бейресми жағдайда бір-бірімен араласып, демалып қайтты.

«Tau Media Camp» бағдарламасы оқуды, тәжірибе мен командалық жұмысты үйлестіруге бағытталған. Журналистер мұнда қаланың күн тәртібі, урбанистика, тұрақты даму, көлік, экология, цифрландыру, стратегиялық коммуникациялар, медиасауаттылық пен БАҚ қызметінің құқықтық аспектілеріне арналған білім беру сессиясына қатысты.

Қазіргі жасанды интеллект құралдарын журналистикада қолданудың қыр-сырын үйретуге жекелеген блок арналды. Қатысушылар материалдар дайындау мен бейімдеу, фактчекинг, тақырыппен жұмыс істеу, сұқбаттарды транскрипциялау мен әлеуметтік желге арналған контент әзірлеу кезінде нейрожеліні қалай пайдаланып, кәдеге жаратуға болатынын талқылады.

Ұйымдастырушылар практикалық бөлімге де ерекше көңіл бөлді. Журналистер нақты кейстермен жұмыс істеп, баспасөз конференциясын модельдеді, сұрақты дұрыс тұжырымдауды үйренді, қоғамда дүрбелең тудырған оқиғаларды талдап, қала туралы бірлескен материалдар әзірледі. Оның ішінде мақала мен әлеуметтік желілерге арналған посттан бастап, қысқа бейнеролик сценарийіне дейінгі контенттер де болды.

31082026 12

«Tau Media Camp» кәсіби оқыту мен еркін қарым-қатынасты үйлестірген үлкен ортаға айналды. Көп жайтқа көз жеткізген білім беру бағдарламасынан кейін қатысушылар бейресми жағдайда өзара әңгіме-дүкен құрды.

Журналистер үшін музыкалық квиз ұйымдастырылып, онда командалар білім жағынан сынға түсіп, әзіл-қалжың айтысып, тапқырлық пен бірлесіп жұмыс істеуге қаншалықты икемді екендерін көрсетті. Журналистер артынша үстел теннисі мен бильярд ойнап, бір-бірімен еркін пікір алмасып, «Денсаулық баспалдағымен» көтеріліп, бассейнде шомылып, хамамда тынықты.

Журналистер екі күнін қаланың қарбалас өмірінен жырақта өткізіп, тынығып, басқа редакциядағы әріптестерімен танысып, пікір алмасты.

Қатысушылар мұндай формат өздеріне өте ыңғайлы екенін айтады. Журналистер кәсіби білім алуды демалыспен ұштастырып, медиа қауымдастық ішіндегі байланысты нығайтуға мүмкіндік туғанын атап өтті.

31082026 13

Ұйымдастырушылар да журналистерден жылы сөз естіді.

«БАҚ өкілдерімен байланысуға арналған кәсіби алаң ғана емес, еркін қарым-қатынасқа орнатуға мүмкіндік беретін орта да қалыптастырғымыз келді. Сондықтан мұндай іс-шаралар бір сәтке үзіліс жасап, тәжірибе алмасып, жаңа идеядан шабыт алып, бірге уақыт өткізіп, араласуға мүмкіндік береді», — дейді Алматы қаласы ӨКҚ басшысы Балсұлу Әлекенова.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің өкілдері БАҚ өкілдеріне арналған осындай іс-шаралар үнемі ұйымдастырылатынын айтады. Білім беру форматынан бөлек, ӨКҚ медиа қауымдастық үшін спорттық және командалық іс-шаралар өткізіп, қарым-қатынас орнатып, кәсіби байланысты нығайтуға да сеп болып келе жатыр.

«Tau Media Camp» кәсіби қауымдастықтың күнделікті жұмысын аз уақытқа ысыра тұрып, спортпен, шығармашылық айналысып, демалуға да мүмкіндік берген бір пайдалы жоба болды.

Таудағы екі күн көзді ашып жұмғанша тез өте шықты. Бірақ журналистер осы жолы тың идея алып, тынығып, жаңа таныстық тауып қайтты.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі