Алматыда жастардың бастамасын қолдап, жас тұрғындарды қаланың дамуына тартуға бағытталған «Жастар қатысатын бюджет – 2026» жобасының қорытындысы шықты. Алматының жастар саясаты басқармасының өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметінде осы жобаның нәтижесі мен ұсынған бастамалар жөнінде кеңірек айтып берді.
Жоба қала әкімінің былтырғы 4 шілдеде жастар ұйымдарының басшыларымен өткен кездесуінен кейін берген тапсырмасы бойынша іске қосылды. Оның басты мақсаты – жастарға қаланың өзекті мәселелерін шешетін идеясын өз бетінше ұсынып, қала тұрғындарының қолдауына ие болып, бастамасын іске асыруына барынша жағдай жасап, мүмкіндік беру.
2026 жылы жобаның жалпы бюджеті 100 млн теңге болды. Бір бастамаға оның ауқымы мен мазмұнына қарай 500 мыңнан 5 млн теңгеге дейін қаржы қарастырылған. Жоба цифрлық технологиялар, жастар кәсіпкерлігі, еріктілік пен қайырымдылық, кәсіби дағдыны дамыту, қалалық инфрақұрылым, спорт, экология, мәдениет пен креативті индустрияны, психикалық және репродуктивті денсаулық бағытын қамтып отыр.
Жастар саясаты басқармасының басшысы Мирас Нысаналиевтің айтуынша, жобаға қаланың жастары қызығып отыр екен. Өтініш қабылдау кезеңінде 203 бастама келіп түскен. Бұл бастапқы көрсеткіштен шамамен жеті есе көп. Іріктеу қорытындысы бойынша бұл жобаларды ашық онлайн дауыс беруге жіберіп, қала тұрғындары онда өздеріне ең керекті ұсынысты таңдап алады.
«Жобаның басты ерекшелігі – жастар мұнда мемлекеттік қолдауды алушы ғана емес, қалалық өзгеріске тікелей қатысушысы ретінде көрінеді. Жас азаматтар қоғамдық маңызы бар бастаманы ұсынып, пікірлестерін ұйыстырып, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін жауапкершілікті өз мойнына алады», - дейді жастар саясаты басқармасының басшысы Мирас Нысаналиев.
Жобаның үйлестірушісі Анна Торосян байқау қорытындысында 20 жеңімпаз жоба анықталғанын айтты. Бастамалардың басым бөлігі әлеуметтік салаға, сондай-ақ IT мен цифрландыру бағытына тиесілі. Қолдау тапқан жобалардың қатарында білім беру, инклюзия, экология, салауатты өмір салты, мәдениет, еріктілік пен кәсіби бағдар беру бағытындағы бастама да бар.

Іске асып жатқан осындай бастаманың бірі – жастарға кәсіби бағдар беруге бағытталған Career Test Drive Almaty жобасы. Платформада қатысушылар кәсіби диагностикадан өтіп, мансаптық ұсыныс алып, серіктестердің алаңында өздері таңдаған мамандық бойынша тәжірибе жинақтайды. Қорытынды дерекке қарағанда, тестілеуден қазір 30 адам өтіп, олардың 21-і кәсіби сынақ кезеңін аяқтапты.
Тағы бір бастама – Qaltapp (бұрынғы Finesly) жеке қаржыны есепке алып, қаржылық сауаттылық дағдысын дамытуға арналған мобильді қосымша. Жоба аясында команда қосымшаның интерфейсін жаңартып, оны тестілеп, жариялауға дайындаумен айналысты.
Бұдан бөлек, салауатты тамақтану мәдениетін насихаттайтын JAS EM мен күн бұлтты күндері арнаулы автомат арқылы жаңбырдан қалқалау құралын беретін JanByr бастамасы да қолдау тапты. Сондай-ақ еңбек пен кәсіпкерлік тақырыбын қамтитын «Кәсіпкер» мен жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Заң мен тәртіп» медиажобалары қаржыландырылды.
«Біз жастардың идеясы тұжырымдама мен таныстырылым деңгейінде қалып қоймай, тұрғындарға пайдалы нақты шешімге айналғанын қалаймыз. Мысалы, Career Test Drive Almaty жобасы жастарға мамандық таңдауға ғана емес, практикалық тәжірибе жинауға да көмектеседі. Ал Qaltapp секілді бастамалар жастардың жобасының дербес цифрлық өнімге айнала алатынын көрсетеді», - дейді Анна Торосян.
Жеңімпаздар анықталғаннан кейін командалар жоспарлау, міндетті бөлу, бастаманы ілгерілету мен есептілік дайындау бойынша оқытудан өтті. Жобаларды іске асыру барысы кеңес беріп қолдаумен, бақылаумен сүйемелденеді. Қатысатындар аралық және қорытынды есепті, фото-бейнематериалды, істелген жұмысты растайтын өзге де құжатты ұсынады.
Алдағы уақытта жобаны кеңейтіп, қолдау көрсетілетін жастардың бастамасының санын жылына 50-ге дейін кезең-кезеңімен арттыру жоспарланып отыр. Бұл ретте жобалардың сапасына, қатысушылардың құзыретін дамытып, жүзеге асқан бастаманың нақты әлеуметтік тиімділігін бағалауға назар аудармақшы.
«Жастар қатысатын бюджет» бастамаларды қаржыландыру құралы ғана емес, жас алматылықтарға қалалық ортаның дамуына тікелей ықпал етіп, өз шешімін ұсынып, оны жүзеге асыруға атсалысуға көмектесетін тетікке айналып бара жатыр.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі