Алматыда жаңа демалыс аймақтары пайда болуда, субұрқақтар қалпына келтірілуде, скверлер мен саябақтар абаттандырылуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Алматы қаласының Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская айтты.
Н. Ливинскаяның айтуынша, аудандардың абаттандырылуына байланысты Алматыда тұрғындар тынығатын және демалатын жаңа орындар пайда болады.
Жасыл экономика басқармасының басшысы қоғамдық кеңістіктерді модернизациялау бойынша бірқатар жобалардың Алматы қаласының әкімі Б. Сағынтаевқа көрсетілгенін, енді оларды осы жылы іске асыру бойынша жұмысты бастаудың жоспарланғанын еске салды.
«Жүйелі тәсіл үшін қоғамдық кеңістікті дамыту бағдарламасы әзірленді. Жасыл дәліз, жағалау мен жаяу жүргіншілер аймағын қалыптастыру жоспары анықталды. Көгалдандыру ережелері анықталды, мысалы, қала орталығында тарихи келбетті қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа Алматыда жаңа қоғамдық орындар ашылуда. Біз қалалық ортаны жоспарлауда түбегейлі жаңа тәсілдерге көштік», - деп атап өтті Н. Ливинская.
Жасыл экономика басқармасы жұмысының басты бағыты – саябақ аумақтарын жоспарлау. Өткен жылы қараусыз қалған аумақтарда жаңадан рекреациялық аймақтар салынды.
«Сосновый бор құрылды, онда 3500 қарағай отырғызылды. Және бұл қолда бар даму әлеуетінің 10% ғана. Көгалдандыруды 63 гектарға жеткізу жоспарда бар. Қайың тоғайы қарағай орманының жол бойында орналасқан. Әуежай көлінің жанында үлкен рекреациялық аймақтың құрылысы да басталды», - деді Н. Ливинская.
Спикердің айтуынша, Алматыда мегаполис тұрғындарымен кері байланыс белсенді түрде жүргізіледі.
«Біз жаңа саябақтың маңында тұратын тұрғындарға не қажет екенін талқылаймыз. Осындай тәсілдердің негізінде биыл төрт жаңа саябақ аймағының құрылысы басталады», - деді Н. Ливинская.
Ол Алматыда Қастеев атындағы мұражай аумағындағы фонтандарды күрделі жөндеу, Түрксіб ауданындағы Маяк тоғайын абаттандыру және көгалдандыру, Жетісу ауданының Көкмайса шағын ауданындағы Есентай өзенінің бойындағы жағалауды реттеу, сондай-ақ ҚҰАОБТ маңындағы скверді, ҚБТУ маңындағы скверді, Байсейітова көшесін және М. Мәметова алаңын ретке келтіру жұмыстарының жалғасып жатқанын айтты. Кіші Алматы, Есентай, Жарбұлақ және Тіксай өзендерінің арналары бойында серуендейтін және табиғи аймақтар құрылуда.
Сонымен қатар, Сайран көлін жақсарту бойынша жоба әзірленуде. Н. Ливинскаяның айтуынша, бұл жобаға Ресей мен Түркияның дизайн бюролары қызығушылық танытты. Сонымен бірге апта сайын өзен арналары мен жағалаулардың санитарлық -экологиялық жағдайына рейдтік тексеру жүргізу үшін комиссия құрылды.
Бүгінде Алмалы, Алатау және Бостандық аудандарында бұзушылықтар анықталып, жойылды.
Айта кетерлігі, бүгінде «Казселезащита» әл-Фараби мен Тимирязев даңғылы арасындағы учаскеде Есентай өзені арнасының батпақты шөгінділерін тазарту бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, аудан әкімдіктері көктемгі және жазғы кезеңде өзендер арналары мен оған жақын орналасқан аумақтарды тазарту жұмыстарын жүргізеді.