28 тамызда Алматыда Astana Hub-тың Google for Startups-пен бірлесіп, Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асыратын флагмандық Silkway Accelerator бағдарламасының 7-легінің Demo Day іс-шарасы өтті.
2026 жылы бағдарлама алғаш рет Алматыда Almaty Hub базасында ұйымдастырылды. 12 апта бойы қатысушылар өнімдерін жетілдіріп, бизнес-модельдерін дамытып, сатылымдары мен халықаралық нарықтарға шығу стратегияларын пысықтады.
Demo Day аясында 10 финалист өз жобаларын инвесторларға, венчурлік қорларға, бизнес-періштелерге және корпоративтік серіктестерге таныстырды.
«Silkway Accelerator - технологиялық компаниялардың жылдам өсуіне, жергілікті нарықтан тыс шығуына және жаһандық амбициясы бар бизнес құруына мүмкіндік беретін маңызды құрал. Биыл бағдарламаның алғаш рет Алматыда өтуі біз үшін ерекше маңызды. Қатысушылардың жаңа нарықтарға шығуы, келісімшарттар жасауы, сатылымдарын арттыруы және бизнес-модельдерін өзгертуі Қазақстан мен Орталық Еуразия стартаптарының халықаралық деңгейде масштабталу әлеуетін көрсетеді», — деді Astana Hub бас директоры Магжан Мадиев.
Акселерация барысында қатысушылар тоғыз елдің - Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Грузия, Армения, БАӘ, Аустралия және АҚШ нарықтарына шықты. Қатысушылар жасаған жаңа келісімдер мен мәмілелердің жалпы көлемі $15 млн-нан асты, ал пресейл көлемі $30 млн-нан жоғары болды.
Demo Day-дің маңызды нәтижелерінің бірі - Astana Hub Ventures тарапынан берілген инвестициялық ниет. Қор AMAN жобасына $200 мың және AURA OS жобасына $100 мың көлемінде soft commitment жариялады.

AMAN - Astana Hub Ventures-тен $200 000 көлемінде Soft Commitment
AMAN - инциденттерді анықтап қана қоймай, ІІМ, ТЖМ және басқа да жауапты органдармен интеграция арқылы оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін AI негізіндегі қауіпсіздік жүйесі. Акселерация барысында команда алғашқы пилоттардан университеттермен, соның ішінде Қазақстан мен БАӘ-дегі оқу орындарымен келісімшарттар жасау кезеңіне өтті.

AURA OS - Astana Hub Ventures-тен $100 000 көлемінде Soft Commitment
AURA OS - компаниялардың операциялық деректерін талдап, жасырын шығындар мен тәуекелдерді анықтауға көмектесетін AI-платформа. Бағдарлама барысында жоба тағы төрт елден жаңа клиенттер тартты.
«Алматының технологиялық кәсіпкерлікті дамыту және инновациялық компаниялардың өсуі үшін әлеуеті жоғары. Silkway Accelerator бағдарламасының қалада алғаш рет өтуі Алматының өңірдегі технологиялық компаниялар, инвесторлар мен халықаралық сарапшылар үшін маңызды алаңға айналып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай бағдарламалар кәсіпкерлерге жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беріп қана қоймай, қаланың халықаралық технологиялық экожүйедегі позициясын нығайтады», - деді Алматы қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Нұрқанат Сәбитұлы.
Лектің басқа да нәтижелері қатарында TIRGO GMV көрсеткішінің $35 мыңнан $70 мыңға дейін екі есеге өсуі, WelcomeVideo платформасының $100 мың көлемінде келісімдер жасауы, сондай-ақ QazTracker жобасының AgriTech шешіміне толық трансформациялануы бар. Жоба жануарлардың денсаулығы мен қауіпсіздігін бақылауға бағытталған және команда Аустралия мен АҚШ фермаларында пилоттық жобаларды іске қосу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.
«Silkway Accelerator-ға қатысу біз үшін жобаны түбегейлі трансформациялаудың бастамасы болды. Біз өнім мен стратегиямызды қайта қарастырып, жаңа нарықтарға шықтық, пилоттар мен серіктестіктерді іске қостық. Demo Day бізге серіктестік, инвестиция және әрі қарай масштабталу арқылы дамуды жалғастыруға мүмкіндік береді», - деді AMAN негізін қалаушы әрі CEO Аружан Меде.
«Silkway Accelerator бағдарламасының Алматыда өтуі стартаптарды, халықаралық сарапшыларды, инвесторлар мен ірі бизнесті бір ортаға біріктіруге деген сұраныстың жоғары екенін көрсетті. Біз алдағы уақытта да осы экожүйені дамытып, халықаралық командаларды Алматыға тартуға және жергілікті стартаптардың жаһандық нарықтарға шығуына көмектесуге ниеттіміз», - деді Almaty Hub филиалының директоры Аида Дусова.
Silkway Accelerator бағдарламасының түлектері осы уақытқа дейін $48 млн-нан астам инвестиция тартты, ал компаниялардың жиынтық бағалауы $500 млн-нан асты. Бүгінде бағдарлама түлектері өз өнімдерін АҚШ, БАӘ, Түркия және басқа да нарықтарда масштабтап келеді.
Silkway Accelerator бағдарламасының 7-легінің Алматыда өтуі өңірлік стартап-экожүйені дамытудың жаңа кезеңіне жол ашып, технологиялық компанияларды, инвесторларды және халықаралық сарапшыларды бір алаңға біріктірді.