Фестивальден кейін адамның есінде не қалады? Әдетте - сахнадағы әуен, кездескен таныстар, көңіл-күй. Ал телефонды зарядтайтын розетка іздеп кеткен уақыт, байланыс болмағандықтан төлей алмай тұрып қалған сәт немесе сүйікті орындаушының кестесін білмей, шығуын өткізіп алу - көңілде із қалдырмайды, тек көңілсіздік сыйлайды. Дәл осындай, көзге көрінбейтін бөлшектерден үлкен іс-шараның жалпы әсері құралады.

4-5 шілдеде Алматыда өткен OYU Fest-те CITIX технологиялық компаниясы осы бөлшектерді ескеріп, фестиваль форматына бейімделген қалалық сервистер кеңістігін ашты. Мақсаты нақты: қонақтарды тұрмыстық уайымнан арылтып, назарын сахнада не болып жатқанына аудару.

Кеңістіктің ортасында тұрған Jerry смартборды арқылы қонақтар керекті аймақты тез тауып, концерт кестесін қарап, ауа райын біле алды. Жанында - тегін Wi-Fi, телефон зарядтайтын пункт және демалуға арналған лаунж-аймақ жұмыс істеді. Ал жаңбыр жауса, дәл сол жерден жаңбырлық та алуға болды.

Бір қарағанда, бұл қызметтердің әрқайсысы кішкентай сияқты. Бірақ жиынтығында олар фестивальге деген көзқарасты мүлдем өзгертеді: адам байланыс іздеп немесе кезекте тұрып уақыт жоғалтпаса, сол уақыт музыкаға, эмоцияға қалады.

Мұның артында тұрған идея - заманауи қала қандай болу керектігі туралы. Ең тиімді технология - өзін көрсетуге тырыспайтын, адамға керек болған сәтте ғана пайда болатын технология. CITIX қалалық ортаға енгізіп жатқан шешімдер де осы принципке құрылған: цифрлық жүйе ауа райы, жол жағдайы, қала іс-шаралары туралы деректерді бір алаңға жинап, оны керек кезінде тұрғынға ыңғайлы түрде жеткізеді.

«Технология адамға пайда әкелмесе, оның бағасы жоқ. Біз идея үшін емес, адамдар үшін смарт-қала құрып жатырмыз. Сондықтан қала тұрғыны үлкен фестивальде уақытын сапалы өткізгісі келсе, оған осы тәжірибені барынша ыңғайлы ету - біздің жұмысымыз», - дейді компания өкілдері.

Мұндай тәжірибе әлемдік фестивальдер арасында кең тарап келеді. Burning Man шөл далада өз инфрақұрылымы бар уақытша Black Rock City қаласын тұрғызса, Tomorrowland жыл сайын навигациясы мен қоғамдық кеңістігі бар толыққанды шатыр қалашық - DreamVille-ді жандандырады. CITIX те дәл осылай, смарт-қала қағидаттарының күнделікті өмірде ғана емес, бірнеше күнге ғана өз тіршілігі бар, мыңдаған адам жиналатын кеңістіктерде де қажет екенін дәлелдеп отыр.

Назира Бурханова