20 тамызда туризм саласындағы халықаралық контент жасаушылардың басын қосқан ерекше мәдени-танымдық шара Алматыда өтті. Қазақстанның табиғаты мен мәдени мұрасын әлемге таныту мақсатында ұйымдастырылған сапар барысында Австралия, Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары, Қытай және Түркиядан келген блогерлер мен контент жасаушылар Меyiz Таu этноауылына арнайы аттанды.

Шара Қазақстанның Мәдениет және туризм басқармасының шақыруымен, туризм саласындағы контент жасаушылар қауымдастығы TBEX ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Халықаралық қонақтар Алматыдағы Ritz-Carlton қонақүйінен жолға шығып, қаланың көрікті аудандары арқылы Меyiz Таu этноауылына бет алды. Автобустағы көңіл-күй ерекше көтеріңкі болды. Әлемнің әр түкпірінен келген саяхатшылар өзара танысып, Қазақстаннан көретін жаңа әсерлерін асыға күтті.

Ортағасырлық Отырарға саяхат жасағандай әсер – Қақпа көркемдігі

Меyiz Таu этноауылына келген қонақтарды Аль-Фараби есімді кешен басшысы және қазақы нақышта киінген Қасиет есімді гид жылы қарсы алды. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі ізгі сәлемдесу шетелдік меймандарға бірден ерекше көңіл-күй сыйлады.

Қонақтардың білегіне арнайы қызғылт-сары білезік тағылып, этноауылдың тұрғыны ретінде өзімізді сезіндік.

Этноауылдың алып қақпасы алыстан көз тартады. Ортағасырлық сәулет үлгісінде салынған қос бекет пен қорғаныс мұнаралары келушілерді бірден көне дәуірдің атмосферасына жетелейді. Қақпа алдындағы күзетшілер мен садақшылардың бейнесі тарихи көріністі одан әрі айшықтай түскен. Қақпа айқара ашылған сәтте қонақтардың алдында этно-модерн стильдері үйлескен ерекше кеңістік орын алды.

21082026 6

Домбыра үнімен басталған қазақы қонақжайлық

Қақпадан кіре бергенде қонақтарды домбырасын күмбірлетіп, ұлттық ән орындаған талантты әнші жігіт қарсы алды. Қазақтың әуезді әні шетелдік қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды. Олар әнді ықыласпен тыңдап, бейнетүсірілім жасап жатты. Мен де әнге қосылып өзіміздің төл өнерімізге деген құрметімді білдірдім.

Ән аяқталған соң қонақтарға дәстүрлі шашу рәсімі көрсетіліп, түрлі тәттілер шашылды. Осылайша қазақ халқының қуанышты бөлісіп, қонақты ақ ниетпен қарсы алатын салты шетелдік туристерге таныстырылды.

Этноауылдың экскурсиясын жүргізген Қасиет есімді гид қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық мәдениеті туралы ағылшын тілінде жан-жақты ақпарат берді. Оның білімділігі, еркін сөйлеуі және қонақтармен тез тіл табысуы шетелдік меймандардың назарын аударды.

Бауырсақтың хош иісі мен қымыздың дәмі

Қазақ дастарханының ажырамас бөлігі — бауырсақ. Этноауылдың аспаздары қонақтарға бауырсақтың жасалу жолын көрсетіп, ашытылған қамырды дайындау, кесу және ыстық майға пісіру барысымен таныстырды. Тіпті қонақтардың өздеріне де бауырсақ пісіруге мүмкіндік берілді. Қызған майға түскен қамырдың хош иісі айналаны алып, жаңа піскен бауырсақтар әрбір қонаққа ыстық күйінде ұсынылды.

Сондай-ақ дәстүрлі шипалы сусын - қымыздан алғаш рет дәм татқан туристер оның өзіндік ерекше дәмін жоғары бағалады.

21082026 7

Беташар — қазақтың келін түсіру дәстүрі

Сапар барысында қонақтарға қазақтың келін түсіру салттарының бірі — беташар рәсімі де көрсетілді. Болашақ келіннің жүзін ақ орамалмен жабу арқылы көрсетілген бұл дәстүр қазақ халқының отбасы, келін, үлкенді сыйлау ұғымдарымен сабақтасып жатқанын аңғартты. Шетелдік туристер үшін бұл көрініс қазақ қоғамындағы отбасы құндылықтары мен дәстүр сабақтастығын танытқан маңызды мәдени элементтердің бірі болды.

Хан ордасы және қазақтың тарихи мұрасы

Этноауылдағы «Хан шатыр» деп аталатын тарихи бұрышта қонақтарға қазақ хандарының дәуірі туралы мағлұмат берілді. Ағаштан жасалған хан тағы, хан ордасының жабдықталуы мен оның ерекшеліктері таныстырылып, туристерге тарихи таққа отырып, естелік суретке түсуге мүмкіндік берілді. Бұл сәттер шетелдік қонақтардың фото және бейнетүсірілімдеріне арқау болды.

Бүркіт — еркіндік пен асқақ рухтың символы

Қазақтың ежелден келе жатқан құсбегілік өнері де шетелдік туристерге кеңінен таныстырылды. Томағасы тағылған қыран бүркітті қолына қондырған құсбегі қыз қазақ халқының бүркітшілік дәстүрі, қыран құстың мәдениетіміздегі орны және оның еркіндік пен асқақ рухтың символы екені туралы ағылшын тілінде әңгімеледі. Қонақтардың бүркітті қолдарына қондырып тамащалауы да ерекше өтті.

21082026 8

Ат үстіндегі өнер мен ұлттық ойындар

Сапардың ең әсерлі бөліктерінің бірі — үлкен аренада ұйымдастырылған ұлттық ат спортының көрсетілімі болды.

Шабандоздар ат үстінде түрлі акробатикалық трюктер жасап, өздерінің шеберлігін көрсетті. Қонақтар «Аударыспақ», «Қыз қуу» сияқты ұлттық ойындарды тамашалады. Сондай-ақ сауыт-сайман киген батырлардың шайқасы көрсетіліп, көне көшпенділердің жауынгерлік өнері сахналанды. Қазақы нақыштағы батырлар шоуы рухты көтеріп, қонақтардың көңілінен шықты.

«Шырға тарту» көрінісі

Қазақтың тазысының шапшаңдығы мен ептілігін көрсету үшін аң терісінен жасалған жасанды жемтік — шырғаны атпен сүйретіп, итті соңынан жүгірту дәстүрі көрсетілді. Шетелдік қонақтар шабандоздарды айқайлап қолдап, ерекше эмоцияға бөленді. Көрсетілім аяқталған соң туристерге атқа мініп, арнайы аренада өздеріне ыңғайлы қарқынмен серуендеуге мүмкіндік берілді.

Садақ ату, алтыбақан және саумал

Қонақтар қазақтың дәстүрлі садақ ату өнерін де тамашалап, өздерін де сынап көрді.

Меймандарға жаңадан сауылған саумал ұсынылды. Бие сүтінің бұл табиғи сусыннан дәм татқан қонақтар оның ерекше дәмін атап өтті.

Киіз үй төріндегі мәдени диалог

Сапардың соңғы бөлігінде қонақтар үлкен әрі сәнді безендірілген киіз үйге жиналды. Іші қазақтың ұлттық ою-өрнегімен безендіріліп, жерге көркем көрпешелер төселген. Гид ханым киіз үйдің құрылымы, ішкі жабдықтары, әрбір бұйымның мағынасы мен қазақ тұрмысындағы орны туралы жан-жақты түсіндірді. Оның қазақ мәдениеті туралы терең білімі мен ағылшын тілінде еркін жеткізе білуі қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Қазақы дастарқан төрінде – әлем қонақтары

Заманауи үлгіде салынған кең әрі жайлы ғимараттың интерьері де ерекше талғаммен жасалған. Дастарханнан маусымдық жемістер — қарбыз, қауын, шабдалы, жүзім, алма, сондай-ақ ұлттық тағамдардан палау, көкөніспен әзірленген ет тағамдары, түрлі салаттар, бауырсақ, самса және тәтті дастарқан дәмдері орын алды.

Меyiz Таu этноауылы — қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық өнерін заманауи туристік форматта таныстыратын ерекше мәдени кеңістік.

Бір күннің ішінде шетелдік қонақтар қазақтың қонақжайлығын сезініп, домбыра үнін тыңдап, бауырсақтан дәм татып, қымыз бен саумал ішіп, беташар рәсімін көріп, хан тағы мен киіз үй мәдениетімен танысты. Сонымен бірге бүркітшілік, садақ ату, ат спорты, ұлттық ойындар мен жауынгерлік өнердің куәсі болды.

Мұндай кешендер Қазақстанның мәдени мұрасын сақтап қана қоймай, оны халықаралық туристік аудиторияға түсінікті әрі тартымды форматта таныстыруға мүмкіндік береді.

Әлемнің бірнеше елінен келген блогерлер мен контент жасаушылардың Меyiz Таu этноауылынан алған әсері Қазақстанның туристік әлеуетін халықаралық кеңістікте насихаттауға өз септігін тигізері анық.

Көк туымыз желбіреген, ұлттық өнеріміз дәріптелген осындай мәдени кеңістіктердің көбейе беруі — ел туризмінің дамуына қосылған маңызды үлес.

Меyiz Таu этноауылының басшылығына, ұйымдастырушыларға және қазақ мәдениетін шетелдік қонақтарға таныстырып жүрген барша жастарға алғысымызды білдіреміз!

Бұл күн шетелдік меймандар үшін де, біз үшін де қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүрінің қаншалықты бай әрі өміршең екенін тағы бір мәрте дәлелдеген ерекше күн болды.