Бүгін Алматыда «Қазақстан аруы – 2025» атағының иегері Алина Ридің «Ғалам аруы – 2026» халықаралық сұлулық байқауына қатысуына арналған баспасөз конференциясы өтті. Пуэрто-Рикода өтетін байқау қарсаңында Қазақстан атынан қатысатын арудың дайындығы, әлеуметтік бастамалары және ұлттық киімінің тұжырымдамасы таныстырылды.

Алина Ри байқауда ТОП-30 қатарына енуді мақсат етіп отыр. Дайындық бірнеше бағытты қамтиды: сахналық образ әзірлеу, ұлттық киім жасау және инклюзия мәселелеріне арналған әлеуметтік жобаны жүзеге асыру.

«Мен осы байқаумен бір жыл бойы өмір сүріп келемін. Жақында „Ғалам аруы“ сахнасында Қазақстанның атынан шығатыныма әлі де сене алар емеспін. Менің мақсатым – елімізді лайықты таныстырып, баршамыз мақтан тұтатын нәтижеге қол жеткізу. Қазір әрбір қазақстандықтың қолдауы мен үшін ерекше маңызды. Еліміздің бірлігін бірге көрсетейік!» – деді Алина Ри.

30 келілік ұлттық образдың ерекшелігі қандай?

Баспасөз конференциясында таныстырылған ұлттық киім – байқауға дайындықтың маңызды бөліктерінің бірі. «Қазақстан аруы» байқауының серіктесі SV Muse брендімен бірлесіп әзірленген костюмнің құны 5 миллион теңгеден асады, ал салмағы шамамен 30 келіні құрайды.

Образдың басты ерекшелігі – сахнада арнайы техникалық механизм арқылы ашылатын алып қанаттар. Костюмде Қазақстанның мәдени мұрасы, ұлттық рәміздері мен заманауи технологиялық шешімдер үйлесім тапқан.

Киімнің түсі мен символикасында Қазақстанның көк аспаны, алтын түсі және ұлттық мәдениеттің байлығы көрініс тапқан. Оның бөлшектері, пішіні мен ауқымы арқылы қазақ дәстүрлерінің сұлулығын, халықтың өзіндік болмысын және елдің мәдени мұрасын халықаралық көрерменге таныстыру көзделген.

Костюмді әзірлеу барысында шығармашылық тұжырымдамаға, сәндік элементтерге және сахналық әсерді техникалық тұрғыдан жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінген. Ұлттық образ Алина Ридің «Ғалам аруы – 2026» сахнасында Қазақстанды таныстыруының маңызды бөлігі болмақ.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау

Алина Ридің байқауға дайындығы тек сыртқы образбен шектелмейді. Алматыдағы Insight мектебімен бірлесіп, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдауға және инклюзия мәселелеріне қоғам назарын аударуға бағытталған қайырымдылық жобасы жүзеге асырылды.

Бастаманың негізгі мақсаты – әр баланың жеке ерекшелігін құрметтеу, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету және оның өз әлеуетін ашуына жағдай жасау.

Жоба әрбір бала өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінетін, дамуға мүмкіндік алатын және өз қабілеттерін жүзеге асыра алатын орта қалыптастырудың маңызын көрсетеді.

Алина Ри қоғамдық ықпалын пайдалана отырып, назар аударуды қажет ететін әлеуметтік мәселелерді көтеруге және инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға ұмтылады.

Алина Риге қалай қолдау көрсетуге болады?

Баспасөз конференциясында қазақстандықтардың қолдауы мен дауыс берудің маңызы да айтылды. Қазіргі уақытта MU Fan қосымшасында дауыс беру жүріп жатыр.

Ұйымдастырушылар ұсынған шарттарға сәйкес, дауыс беру қорытындысы бойынша үздік үштікке енген қатысушылар байқаудың ТОП-30 қатарына автоматты түрде өту мүмкіндігіне ие болады.

Қазіргі кезде Алина Ри дауыс беру көрсеткіші бойынша 12-орында тұр екен.

Қазақстандықтар MU Fan қосымшасындағы дауыс беруге қатысып, халықаралық сахнада ел намысын қорғайтын аруға қолдау көрсете алады.

Алина Ри үшін «Ғалам аруы – 2026» байқауы – Қазақстанның мәдени мұрасын, дәстүрлері мен заманауи құндылықтарын әлемдік аудиторияға таныстыруға берілген мүмкіндік.

Дауыс беру үшін қосымшаны жүктеп алу қажет: apps.apple.com

Назира Бурханова