Алматы тұрғындарының 64%-дан астамы аптап ыстық қаупі жоғары және аса жоғары аймақтарда тұрады. Бұл деректер қалалық жылу аралдарын зерттеуге арналған COOL ALMATY жобасы аясында жарияланды. Сарапшылар Алматыға климаттың өзгеруіне бейімделудің бірыңғай стратегиясы қажет екенін айтып, әсіресе қаланың шеткі аудандары мен жаңа ықшамаудандардың тұрғындарын қорғауға назар аударуға шақырды.
2026 жылғы 21 қазанда Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қоры «Қалалық аптап ыстықты зерттеуден климаттық бейімделу стратегиясына дейін» атты қорытынды дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара барысында зерттеу нәтижелері мен қала билігіне арналған ұсынымдар таныстырылды.
Жоба командасы жыл бойы Алматының әртүрлі аудандарындағы жер бетінің температурасын және микроклимат көрсеткіштерін зерттеген. Сондай-ақ Наурызбай ауданындағы Шұғыла мен Алатау ауданындағы Зерделі ықшамаудандарына ерекше назар аударылған.
Зерттеу барысында мамандар тұрғындармен бірлесіп, аптап ыстық күшейетін аумақтарды анықтады. Олардың қатарында көлеңкесі жоқ бетон аулалар, қалқалары жоқ аялдамалар және жұмыс істемейтін арық жүйелері бар.
Зерттеу нәтижелері қаланың барлық ауданында аптап ыстық бірдей сезілмейтінін көрсетті. Жасыл желегі аз, бетон мен асфальт басым, құрылыс тығыз орналасқан шеткі ықшамаудандардың тұрғындары қатты ыстықтан көбірек зардап шегеді. Сарапшылар бұл мәселе экологиямен қатар әлеуметтік теңсіздікке де қатысты екенін атап өтті. Өйткені қала тұрғындарының көлеңкеге, салқын орындарға және қолайлы инфрақұрылымға қол жеткізу мүмкіндігі бірдей емес.
Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қорының директоры Әділ Нұрмақов климаттың өзгеруіне бейімделу шараларын жеке бағдарламамен шектемей, Алматыны басқару және дамыту саясатының ажырамас бөлігіне айналдыру қажет екенін айтты.
«Алматы қаласын дамыту орталығының» деректер талдаушысы Қуаныш Көшербай ағаштар, су көздері мен көлеңкелі кеңістіктерді тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды қалалық инфрақұрылым ретінде қарастыру керектігін атап өтті.
Сарапшылар жасыл аймақтарды сақтау мен көбейтуді, ғимараттардың шамадан тыс қызуын азайтатын шешімдерді енгізуді және энергия үнемдейтін технологияларды қолдануды ұсынды. Бұл шаралар аптап ыстық кезінде тұрғындардың денсаулығына төнетін қауіпті азайтып, энергия тұтынуды қысқартуға мүмкіндік береді.
Қорытынды дөңгелек үстелге Urban Forum Kazakhstan урбанисі Алина Бейсенова, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ деректер талдаушысы Қуаныш Көшербай, Ионосфера институты зертханасының меңгерушісі Татьяна Дедова, БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының (ЮНЕП) Орталық Азия бойынша субөңірлік кеңсесінің басшысы Айдай Құрманова және Almaty Air Initiative қорының атқарушы директоры Жұлдыз Саулебекова қатысты.
Іс-шараға Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, зерттеушілер, сәулетшілер, қала құрылысы мамандары, экологиялық үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты.
COOL ALMATY жобасын Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қоры Орталық Азиядағы Роза Люксембург қорының өкілдігімен серіктестікте және «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ қолдауымен жүзеге асырды. Жоба қалалық жылу аралдарын, климаттық бейімделу мен климаттық әділеттілік мәселелерін зерттеуге бағытталған.
Автор: Назира Бурханова