азақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесі қарсаңында түркітілдес халықтардың мәдениеті мен өнерін зерделеу, этникалық тарихы мен мәдени мұрасын зерттеу мақсатында "ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРЛЕРІ" Халықаралық ғылыми форум жұмысын өткізеді.

Форумның пленарлық отырысында, филология ғылымдарының докторы Уәли Нұргелді «Наурыз: салт-дәстүрі»; Анкара университетінің тіл және тарих-география факультетінің профессоры, жалпы түрік тарихы бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы Абдулла Гюндогду «Түркі космологиясы  мен мифологиясындағы Наурыз» (Түркия); Мирзо Улугбек атындағы Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ишанходжаева Замира «Межкультурный праздник Навруз и его вклад в развитие мира и благополучия» (Өзбекстан); Елабуга Мемлекеттік заманауи этноөнер қорық-музейінің директоры Нигамаева Зиля «Особенности празднования Навруз у казанских татар» (Ресей); Қазақстан Республикасы Материалдық емес мәдени мұра ұлттық комитетінің мүшесі, Орталық Азиядағы өнер білімі бойынша ЮНЕСКО сарапшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, әлеуметтанушы, Евфрат Имамбек «Среднесрочная стратегия ЮНЕСКО в области охраны и поощрения нематериального культурного наследия: новая роль музеев»; Әл-Фараби атындағы Ұлттық университетінің «археология, этнология және музеология» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Қартаева Тәттігүл «Алашорда лидерлерінің Наурыз туралы жазбаларындағы  деректерді талдау» тақырыптарында баяндама жасайды.

Сонымен қатар, форум жұмысы аясында «Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасы: жаңа тәсілдері мен қағидалары» блогы жұмыс жасайтын болады. Онда 2003 жылғы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы Конвенциясының қағидаларын ілгерілетудегі жергілікті музейлердің рөлі мен маңызы туралы және Мәдениеттің дәстүрлі негіздерінің өзектілігі ретінде материалдық емес мәдени мұра құндылықтарын насихаттауға арналған «STARTUP-NAURYZ» жобасы таныстырылатын болады.

Музей, кітапхана, архив жұмысының замануи инновациялық нысандарының ғылыми және практикалық аспектілері (музейлік цифрландыру және виртуализациялаудағы мемлекеттік есеп талабына сай келетін бірыңғай ережелер; web-қосымшалар; серверлік конфигурация; техникалық қамтамасыз ету және т.б.) бағыттарын талқылауға арналған екінші блок жұмыс жасайтын болады.

Форум жұмысы барысында Орталық музейдің ерекше білім беруді қажет ететін балаларға (зағип және нашар көретін) музейлік білім беру арқылы жәдігерлер туралы түсініктерін қалыптастыра отырып көкжиектерін кеңейту, қиялдары мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға серпін беру мақсатында жүзеге асырылған «Жеті қазына» әлеуметтік жобасы таныстырылатын болады. Әлеуметтік жоба атадан балаға мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды одан ары дамытып, қазіргі заман талабына сәйкес жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттауды көздейді.

Форум жұмысы аясында коллекционер, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген Өнер қайраткері, мәдениеттанушы Азат Әкімбектің «Орталық Азия мен Кавказ халықтарының XVIII-XIX ғғ. зергерлік бұйымдары» көрмесі ашылады. 

Музей саласының өзекті мәселелерін қамтитын «MUZEUM.KZ» ғылыми-тәжірибелік журналының таныстырылымы өтеді (№ 1 саны). Халықаралық стандарттарға сәйкес жылына 4 рет шығарылатын журнал музейге жаңадан жұмысқа келген жас ізденушілер мен тәжірибелі мамандардың арасындағы кәсіби байланысты қалыптастыратын болады. Журналдың алғашқы санында археология, нумизматика, этнология, отандық және шетелдік музейлер тарихы туралы материалдар қамтылған.

Форум жұмысына ғылыми мекемелер мен оқу орындарының оқытушылары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, музей, архив, кітапхана мамандары, жалпы түркі әлемінің тарихын, мәдениеті мен өнерін зерттеумен айналысатын жас ғалымдар, бакалавр, магистрлер, докторанттар және өзге де қызығушылық танытатын тұлғалар қатынасады.

Форум жұмысы қатынасушылар Алматы қаласы мен қала қонақтары үшін арнайы ұйымдастырылған музей түніне қатынасатын болады (17,30-22.00).

Өтетін орны: Алматы қаласы, Самал–1, 44 үй, Қазақстан Республикасының  Мемлекеттік орталық музейі

Өтетін күні мен уақыты: 14 наурыз 2023 жыл, сағат 11.00-17.30