Бүгін робот жеткізеді, ертең робот жүргізеді: Yandex Qazaqstan Алматыны автономды көлікке дайындап жатыр

Алматыда роботтар дәуірі біртіндеп күнделікті өмірге еніп келеді. 24 қыркүйекте Yandex Qazaqstan қалада бірден екі технологиясын таныстырды. Оның бірі — тапсырысты адам емес, робот жеткізетін сервис. Екіншісі — болашақ автономды көлікке қажетті жоғары дәлдіктегі картаны жасауға кіріскен автомобиль-картограф.

Маңыздысы — бұл Қазақстанда робот жеткізу технологиясының алғашқы іске қосылуы емес. Бұған дейін азық-түлік жеткізетін роботтар Астанада сынақтан өтіп, жұмыс істей бастаған. Енді технология Алматыда да қолжетімді болды.

Тапсырысты робот жеткізеді

Алматыда Yandex Qazaqstan-ның роботтары алғашқы тапсырыстарын орындай бастады. Қазір сервис қаланың кейбір ауданында іске қосылған. Яндекс Лавка арқылы азық-түлік пен ыстық тамаққа тапсырыс бергенде, жеткізу тәсілі ретінде көрсету мүмкін болса, роботты таңдауға болады.

Жұмыс істеу принципі қарапайым: пайдаланушы Яндекс Go арқылы тапсырыс береді, ал оны арнайы робот жеткізеді. Робот маршрутты өзі құрып, жолындағы кедергілерді танып, қауіпсіз траекторияны таңдай алады.

Алғашқы кезеңде роботтар шектеулі аумақта жұмыс істейді. Тапсырысты жеткізу шамамен 15–30 минут уақыт алады. Роботтың ішіндегі бөлімді клиент смартфон арқылы аша алады.

Yandex Qazaqstan басшысы Тимур Шалекеновтің айтуынша, компания Астанадағы тәжірибені ескеріп, технологияны Алматыда да кезең-кезеңімен дамытуды жоспарлап отыр.

«Яндекс Лавкадағы жеткізу — адамның күнделікті әдеттегі тапсырысын енді робот орындай алатынының жақсы мысалы. Біз Астанада мұндай жеткізуді пайдалану тәжірибесін жинадық, енді Алматыда іске қосып жатырмыз. Алғашқы кезеңде роботтар шектеулі аумақта жұмыс істейді, ал тәжірибе жинақталған сайын жеткізу аймағын кеңейтуді жоспарлап отырмыз», — деді Тимур Шалекенов.

Алматы көшелерін картаға түсіретін арнайы көлік

Алайда Yandex Qazaqstan-ның Алматыдағы көрсетілімі тек робот-жеткізумен шектелмейді. Компания болашақ автономды көлікке қажетті қалалық ортаның жоғары дәлдіктегі цифрлық картасын жасауға кірісті.

Ол үшін арнайы автомобиль-картограф қолданылады.

Бір қарағанда, бұл кәдімгі көлік сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның негізгі міндеті — жолаушы тасымалдау емес, қаланы зерттеу және картаға түсіру.

Көлік лидарлармен, камералармен және басқа да сенсорлармен жабдықталған. Олар жол таңбаларын, бағдаршамдарды, жол белгілерін, қиылыстарды және басқа да нысандарды тіркейді.

Компания мәліметінше, картаға 30 мыңнан астам түрлі нысан түсіріледі. Оның ішінде жолдағы бордюр, ағаш сияқты ұсақ нысандардың өзі бар.

Мұның себебі түсінікті. Автономды көлік үшін картада тек жолдың орналасуы жеткіліксіз. Ол айналасындағы ортаны барынша дәл танып, жолдағы өзгерістерді ескеріп, өз қозғалысы туралы шешім қабылдай алуы керек.

Тимур Шалекеновтің айтуынша, жоғары дәлдіктегі картаны жасау — автономды көлік технологиясын Алматы жағдайына бейімдеудегі маңызды кезең.

«Қалалық орта үнемі өзгеріп отырады. Қиылыстар, жол таңбалары, бағдаршамдар, жол белгілері және қозғалысты ұйымдастырудың түрлі сценарийлері бар. Бұл мәліметтерді жинап, жүйелеу қажет. Сонда автономды көлік маршрутта нақты бағдарлана алады», — деді ол.

Бұл жерде бір нәрсені нақтылап алған жөн: қазіргі автомобиль-картографтың өзі роботакси емес. Қазір бұл көліктер тек қаланы картаға түсірумен айналысады және жолаушыларды автономды режимде тасымалдамайды. Yandex Qazaqstan автономды көлік жобасының келесі кезеңдері туралы кейінірек хабарлайтынын мәлімдеді.

Неге Алматы картасы соншалықты маңызды?

Алматы — Қазақстандағы ең ірі мегаполис. Қаланың көлік инфрақұрылымы да күрделі: тығыз қозғалыс, көпқабатты үйлер, жаяу жүргіншілер, бағдаршамдар, қиылыстар және күн сайын өзгеріп отыратын жол жағдайы бар.

Сондықтан автономды көлік технологиясын қалада қолдану үшін алдымен оның ортасын барынша егжей-тегжейлі зерттеу қажет.
Алматы қаласы Цифрландыру басқармасының басшысы Сабит Нұрқанат жаңа технологияларды енгізу үшін қаланың ерекшеліктерін зерттеп, оларды қауіпсіз қолдануға жағдай жасау маңызды екенін айтты.

Яғни автомобиль-картографтың бүгінгі жұмысы — ертеңгі автономды көліктің қозғалысына қажетті ақпараттық базаны қалыптастыру.

Технологиядан бөлек, заң да дайын болуы керек

Автономды көлік пен роботтардың пайда болуы тек технологиялық мәселе емес. Мұндай құрылғылардың жолда және жаяу жүргіншілер аймағында қозғалуына қатысты құқықтық мәселелер де бар.

Құрылтай депутаты Екатерина Смышляева робот-жеткізушілерге қатысты заңнаманы жетілдіру қажеттігін атап өткен. Оның айтуынша, роботтар тротуарлармен қозғалып, жол инфрақұрылымымен өзара әрекеттесетіндіктен, олардың құқықтық мәртебесін нақтылау қажет.

Бұл мәселе технология дамыған сайын өзекті бола түспек.

Қазақстан үшін жаңа технологиялық кезең

Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша, автономды көлік жобасына қатысты мемлекеттік органдар мен бизнес өкілдері бірлесіп жұмыс істеп келеді.

Жоба аясында жұмыс топтары құрылып, бірнеше ай бойы технологиялық және құқықтық мәселелер талқыланған.

«Картографтар картаны жасауға кірісті. Бұл — болашақ үшін үлкен әрі маңызды кезең», — деді Ғиззат Байтұрсынов.

Осылайша, Алматыда қазір біз толыққанды роботаксидің көшеге шыққанын емес, оған апаратын бірнеше кезеңнің басталғанын көріп отырмыз.

Бір жағында — қазірдің өзінде тапсырыс жеткізіп жүрген шағын роботтар.

Екінші жағында — қаланың әрбір бөлшегін картаға түсіріп жүрген автомобиль-картограф.

Екеуінің мақсаты әртүрлі болғанымен, бағыт бір — автономды технологияларды күнделікті өмірге енгізу.

Бүгін робот жеткізеді. Ал ертең — роботакси Алматы көшелерінде пайда болуы мүмкін.

Назира Бурханова