Алматы халықаралық әуежайында ішкі рейстерге арналған Т1 терминалының жаңғырту жұмыстары аяқталды. 14 қарашада өткен ресми ашылу рәсімінен кейін жолаушылар жаңартылған инфрақұрылымды пайдалана алады. Жобаға шамамен 32 млн доллар инвестиция салынған.

Терминалды жаңарту жұмыстары 2025 жылдың қыркүйегінде басталып, 13 айға созылды. Жұмыстар әуежайдың күнделікті қызметіне кедергі келтірмеу үшін кезең-кезеңімен жүргізілді.

Тіркеу мен тексеру аймақтары кеңейтілді

Жаңғырту аясында аумағы 1 700 шаршы метрді құрайтын тіркеу аймағы толық жаңартылып, 23 жаңа тіркеу орны орнатылды. Ұшу алдындағы тексеру аймағы 200 шаршы метрге кеңейтілді. Ал өткізу жолының ені 2 метрден 3,5 метрге дейін ұлғайды.

Сонымен қатар отырғызу талондарын сканерлейтін автоматты турникеттер саны үштен беске дейін көбейді. Бұл жолаушылардың тексеру рәсімінен жылдамырақ өтуіне мүмкіндік береді.

Ұшаққа отырғызуға арналған сегіз аймақтың барлығы жаңартылып, жолаушыларға арналған орындар саны артты. №1 отырғызу аймағының ауданы 200-ден 350 шаршы метрге дейін ұлғайды. Бұған қоса, үш жаңа телескопиялық трап орнатылды.

16112026 3

Багаж өңдеу жүйесінің мүмкіндігі артты

Терминалдағы маңызды өзгерістердің бірі – багаж инфрақұрылымының жаңаруы. Ұшатын рейстердің багажын сұрыптау залы 1 000-нан 1 800 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Келген рейстердің багажын өңдеу аймағы 963-тен 1 490 шаршы метрге, ал багажды алу аймағы 964-тен 1 891 шаршы метрге дейін ұлғайды.

Багаж таспаларының жалпы ұзындығы 85 метрден 228 метрге дейін артты. Сондай-ақ багажды тексеруге арналған жаңа компьютерлік томография жүйесі енгізілді. Ол жүктің ішіндегі заттарды үшөлшемді форматта көруге мүмкіндік береді.

Нәтижесінде багаж өңдеу жүйесінің өткізу қабілеті де артқан. Ұшатын рейстер бойынша сағатына 990-нан 1 680 бірлікке, ал келетін рейстер бойынша 1 380-нен 2 250 бірлікке дейін өсті.

VIP залдар мен жолаушыларға арналған қызметтер

Жаңарту жұмыстары тек техникалық инфрақұрылыммен шектелмеген. Терминалдағы 14 санитарлық бөлме күрделі жөндеуден өтіп, ана мен бала бөлмесі жаңартылды. Барлық лифт ауыстырылып, жаңа дүкендер мен тамақтану орындары ашылды.

Сонымен қатар ішкі рейстердің ұшып шығатын және келетін жолаушыларына арналған Extime VIP Lounge залдары қайта жабдықталды.

Ұшып шығу залының ауданы 750 шаршы метрді құрайды және бір мезетте 110 қонақты қабылдай алады. Мұнда демалыс пен тамақтану аймақтары, келіссөздер бөлмесі, жеке VIP-бөлме және намаз оқуға арналған орын қарастырылған. Ал келу залының ауданы 250 шаршы метр, сыйымдылығы – 22 қонақ.

16112026 4

Әуежайға салынған инвестиция көлемі $650 млн-нан асты

Алматы халықаралық әуежайының президенті Гөкер Көсенің таныстыруынан кейін өткен салтанатты рәсімде мемлекеттік органдар мен әуежай басшылығы өкілдері жаңартылған терминалдың маңызына тоқталды.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова жаңартылған терминал жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып, Алматының өңірдегі ірі авиациялық торап ретіндегі рөлін нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды әуежайды заманауи әрі жолаушыларға ыңғайлы авиациялық хабқа айналдыру ортақ мақсат екенін айтты.

TAV Airports холдингінің бас директоры Серкан Каптанның айтуынша, 2021 жылдан бері Алматы әуежайын дамытуға 650 млн доллардан астам инвестиция салынған. Оның ішінде 2024 жылы жаңа халықаралық терминал пайдалануға берілген.

Т1 терминалын жаңарту нәтижесінде әуежайдың ішкі рейстер бағыты бойынша жылына 9 млн жолаушыға дейін қызмет көрсету мүмкіндігі пайда болды.

Жоба Алматы әуежайының 2050 жылға дейінгі Бас даму жоспарының алғашқы кезеңі – Horizon бағдарламасына кіреді. 2025–2029 жылдарға арналған бағдарлама аясында жалпы құны шамамен 362 млн доллар болатын 130-дан астам инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Олардың қатарында ұзындығы 4 мың метр жаңа рулеждік жол салу, ұшу-қону жолағын жаңарту, VIP перрон мен әуе кемелерінің тұрақ орындарын дамыту, сондай-ақ жүк перроны мен техникалық қызмет көрсету ангарын салу бар.

Назира Бурханова