Алматыда 6 қараша күні бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Оны «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Алматы қаласы бойынша өңірлік филиалы ұйымдастырды. Журналистер аспап жасау, медициналық жабдықтар мен қаптама өнімдерін өндіру салаларында жұмыс істейтін үш кәсіпорынға барып, мемлекеттік қолдаудың өндіріс орындарының дамуына қалай ықпал ететінін көрді.
Баспасөз туры аясында кәсіпкерлердің өндіріс көлемін ұлғайтуына, қажетті жабдықтарды сатып алуына және өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуіне бағытталған мемлекеттік қолдау тетіктері таныстырылды.
«Даму» қоры кәсіпкерлерге негізгі үш бағыт бойынша қолдау көрсетеді. Олар – жеңілдетілген несие беру, кепілзат жеткіліксіз болған жағдайда несиеге кепілдік ұсыну және несие бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау.
Жеңілдетілген қаржыландыру құралдарының бірі – «Өрлеу» бағдарламасы. Ол инвестициялық жобаларды жылдық 12,6 пайыздық мөлшерлемемен 10 жылға дейін қаржыландыруды көздейді. Шағын және орта бизнес субъектілері үшін қаржыландырудың ең жоғары сомасы 7 млрд теңгені құрайды.
Отандық есептеу құралдарын өндіру
Баспасөз турының алғашқы нысаны – «Қазақстандық құбыр жүйелері» ЖШС. Бұл – отандық аспап жасау саласын дамытып келе жатқан өндірістік-инновациялық компания.
Кәсіпорын электр және жылу энергиясын, су мен газды есепке алуға арналған заманауи құрылғылар шығарады. Компания «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының қатысушысы болып саналады.
Қазір кәсіпорында өндірісті кеңейтуге бағытталған инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба толық іске қосылғаннан кейін өндіріс қуаты жылына 134 400 дана өнімге дейін жетпек.
Бұл бастама Алматының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өлшеу құралдары нарығындағы отандық өнім үлесін көбейтуге бағытталған.
Жоба «Даму» қорының 1-кепілдік қоры аясында қолдау тапқан. Бұл құрал кәсіпкерлерге өздерінің кепілзаттық мүмкіндігі жеткіліксіз болған жағдайда қаржыландыру тартуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда өндірілетін медициналық жабдықтар
Келесі нысан – 2008 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «FAM. ALLIANCE» ЖШС. Компания медициналық жабдықтар мен арнайы жиһаз өндіруге маманданған.
Кәсіпорын FamAIR жеке брендімен медициналық бұйымдар, стерильдеу және ауаны залалсыздандыру жабдықтарын, сондай-ақ емдеу-профилактикалық мекемелерге арналған жиһаз шығарады.
Компанияның өз өндірістік базасы бар. Сонымен қатар медициналық, білім беру және әлеуметтік нысандарды қажетті жабдықтармен кешенді түрде қамтамасыз етеді.
Кәсіпорын жобасы «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы және 1-кепілдік қоры аясында қолдау алған.
Мұндай өндірістердің дамуы отандық медициналық жабдықтар нарығын кеңейтуге және импорттық өнімге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.

Бизнеске арналған жапсырма мен қаптама өнімдері
Баспасөз турының үшінші нысаны – 2016 жылдан бері жұмыс істейтін LEGA Print компаниясы. Кәсіпорын жапсырма және қаптама өнімдерін өндіреді.
Алматыдағы жеке өндірістік кешенінде өздігінен жабысатын жапсырмалар, термоэтикеткалар, термоусадкалық және оралатын жапсырмалар, рулонды икемді қаптамалар, курьерлік және сейф-пакеттер шығарылады.
Компания әртүрлі саладағы кәсіпорындармен жұмыс істейді. Өндірісте қолданылатын заманауи басып шығару және материалдарды өңдеу технологиялары тапсырыс берушілердің талаптарына сай әртүрлі пішін мен өлшемдегі өнімдерді әзірлеуге мүмкіндік береді.
Жеке өндірістік базасының болуы компанияға жеке тапсырыстарды да, ірі көлемдегі тапсырыстарды да орындауға жағдай жасайды.
LEGA Print жобасы «Өндіріс» бағдарламасы және 1-кепілдік қоры аясында қаржылық қолдау алған.
Алматыда кәсіпкерлік жобаларға қанша қаражат бағытталды?
Баспасөз туры барысында журналистер «Даму» қорының Алматыдағы кәсіпкерлерді қолдау нәтижелері туралы да ақпарат алды.
Қордың мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Алматыда жеңілдетілген қаржыландыру бағыты бойынша 235 жоба қолдау тапқан. Оларға берілген несиелердің жалпы сомасы 55 млрд теңгені құрайды.
Кепілдік беру бағыты бойынша 2025 жылы және 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 669 жобаға қолдау көрсетілген. Жобаларға берілген несиелердің жалпы көлемі 220,6 млрд теңге болса, қор ұсынған кепілдіктер сомасы 101,9 млрд теңгеге жеткен.
Ал несие сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігі бойынша осы кезеңде Алматыда 436 жоба қолдау алған. Олардың жалпы несие сомасы – 62,6 млрд теңге.
«Даму» қорының Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Жандос Нұрғазиновтың айтуынша, мемлекеттік қолдаудың негізгі мақсаты – шағын және орта бизнестің сапалы дамуына ықпал ету.
Оның сөзінше, мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкерлер өндіріс көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашып, өңір экономикасына қосатын үлесін көбейтіп келеді.
Баспасөз туры барысында журналистер үш кәсіпорынның өндірістік үдерісімен танысып, мемлекеттік қолдау тетіктерінің нақты жобаларда қалай жүзеге асатынын көрді. Аспап жасау мен медициналық жабдықтардан бастап, қаптама өнімдеріне дейінгі түрлі бағыттағы өндірістер Алматыдағы отандық кәсіпкерліктің даму мүмкіндіктерін көрсетті.
Кәсіпкерлерді қолдау бағдарламалары мен оларға қатысу шарттары туралы толық ақпаратты damu.kz сайтынан немесе 1408 бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға болады.
Назира Бурханова