16 қараша күні Алматы қаласында Б. Римова атындағы академиялық драма театрының «Махаббат ол…» концерт-спектаклінің гастрольдік премьерасы өтеді. Қойылымдар сағат 16:00 және 19:00-де Б. Омаров атындағы «Жас сахна» театрының сахнасында ұсынылады. Қойылым режиссері – Бәзіл Сұлтанғазы.
«Махаббат ол…» – музыка мен театр өнері тоғысқан, адам жанының сан қырлы сезімдерін ашатын ерекше сахналық туынды. Қойылымның өзегінде махаббат тақырыбы болғанымен, оның мәні ғашықтар арасындағы сезіммен ғана шектелмейді. Бұл – достыққа адалдық, отбасы алдындағы жауапкершілік, сағыныш пен қамқорлық, ата-әже мен немере арасындағы мейірім, кейде айтылмай қалған сөздер мен орындалмаған армандар.
Спектакльдің ерекшелігі – оның негізінде алдын ала жазылған драмалық шығарма емес, актерлердің өз өмірінен алынған шынайы оқиғалардың жатуы. Сахнадағы кейіпкерлердің сезімі мен толғанысы ойдан құрастырылған бейнелер емес, өнер иелерінің жеке тәжірибесіне негізделген оқиғалар. Осы шынайылық пен табиғилық қойылымға ерекше тереңдік пен эмоционалдық әсер береді.
Концерт-спектакльде «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Жасұлан Көпберген, сондай-ақ Шәміл Айтмұхан, Айзада Байғабыл, Аслан Бектенов, Наргиз Айшуақова, Мейіржан Нұров, Арнат Қазыкен, Салтанат Жақанша, Толғанай Ізтілеуова, Дарын Нұрсадық, Батыржан Медет, Мадина Сағымбай, Аслан Жапарқұлов және Алмас Мұратұлы өнер көрсетеді.
Қойылымның шығармашылық тобы: идея авторы – Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Ерлік Жуасбек; режиссер – Бәзіл Сұлтанғазы; композитор – Сұлтан Тұрсынбеков; хореограф – Айжан Құнанбаева; қоюшы-суретші – Сырым Орманбаев; жарық қоюшы – Еламан Ахметов; редактор – Айғаным Айтмұхан; арт-менеджер – Айдана Сембекова.
Көрермендерді музыка, театр және шынайы өмір оқиғалары тоғысқан, ең маңызды сезім туралы сыр шертетін ерекше кеш күтеді. Қойылым махаббаттың тек әдемі сөздер мен сезім білдіруден ғана емес, күнделікті қамқорлықтан, адалдықтан, естеліктер мен қарапайым адами әрекеттерден көрініс табатынын сезінуге шақырады.