Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы - 1935 жылы Дмитрий Мацуцинның басқаруымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы қабырғасында шағын хор болып құрылды. Ұжымның халық өнеріне аянбай қызмет етуінің арқасында 1939 жылы Қазақ КСР үкіметінің қаулысымен Мемлекеттік хор капелласы дәрежесі берілді.
Сондықтан, хор капелласының Мемлекеттік дәрежені алғанына биыл 85 жыл толып отыр. Ал, күні кеше Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық филармониясының үлкен залында 1935 жылдан бастау алған ұжым 89-шы концерттік маусымын ашты.
Кеш шымылдығы Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласының тарихына шолумен бастау алып, әр жылдарда ұжымда қызмет еткен ардагерлер мен Б. Байқадамовтың қыздары Балдырған, Алуа, Айгүл Бақытжанқыздарына гүл шоқтары ұсынылып, құрмет-қошемет көрсетумен түрілді. Бағдарламада капелла репертуарындағы таңдаулы, елімізге танымал шығармалар орындалды. Кеш барысында ұжымның айтулы күнімен арнайы құттықтап келген, Қазақстанның халық әртісінің иегерлері - Роза Рымбаева, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Үлкенбаева өнер көрсетті.
Сонымен қатар, ерекше бір айтып өтетін жайт, Роза Қуанышқызы өзінің орындауынан кейін, хор капелласының шығармашылығына табыс тілеп, өзімен бірге өнер көрсеткеніне алғыс білдіріп, елімізде кәсібиліктің шыңына шыққан бірегей ұжым екенін айтып өтті. Және де алғаш рет Айгүл Үлкенбаева хормен бірге қос ішекті домбыраның үніне қосылып, Ермұрат Үсеновтың күйі «Кербез сұлу», Алтынайдың күйі «Ақжелен» шығармасын орындады. Мұның өзі хор ұжымының қазақтың рухани болмысы мен мәдениетін бұзбай, асыл мұрасын жаңашыл өңдеулермен толтырып жатқандығынын айқын белгісі деп есептейміз. Осы ретте хор капелласының еліміздің қазақ өнерінің мәдениеті жолында республикамыздан бөлек, алыс-жақын шет мемлекеттерге танытып жүрген ұжым екенін баса айтқымыз келеді. Бүгінгі күні ұжым репертуарында жалпы бес жүзден астам шығарма бар, олар әлем халықтарының 20 тілінде орындалады. Бүгінде әлемнің бірегей ұжымдарының қатарындағы капелла елімізбен қатар, алыс жақын шет елдерде, оның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Түркия, Германия, Үндістан, Қытай Республикасы, Венгрия, АҚШ елдерінде өнер көрсеткен.
Концерттік бағдарламада капелланың көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Бейімбет Демеуовтің хорға өңдеген Халық әні «Ахау керім» шығармасын жеке дауыста Халықаралық байқаулардың лауреаты - Фархат Кубиев, Латиф Хамидидің әні «Бұлбұл» - ды жас әнші Әзиза Әбдерейм хормен бірге орындап, жұртты разы қылды.
Кеш соңында көпшілік Мемлекеттік хор капелласының өнеріне тәнті болған тыңдармандар орындарынан тік тұрып, ыстық қошеметіне бөледі.