2026 жылдың 24 шілде күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде Гаухар Бисенғалиеваның (Арухан) «Жад бедері/Matter of Memory» көрмесінің ашылуы өтеді.

Жад бедері қалай сақталады?

Гаухар Бисенғалиеваның (Арухан) «Жад бедері/Matter of Memory» көрмесі жадты материяның өз бойынан қарастырады, уақыт таңбасы мен өмір тәжірибесі негізінде ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын материалдық құбылыс ретінде зерделейді.

Суретші киіз, дала шөптері мен табиғи материалдарды пайдалана отырып, уақытты жай ғана туындыларының тақырыбы етіп қана көрмей, шығармашылық үдеріске тікелей қатысушы күшке айналдырады. Аруханның өзі қалыптастырған ескіру техникасы өткенді қайта жаңғыртуды да, дәстүрді қалпына келтіруді де мақсат етпейді. Керісінше, материал уақыт өте өзге түрге енгенін бойына сақтап, материалдық мұрағатқа айналады.

Арухан үшін киіздің өзіндік мәні бар. Әжесінен қалған киіз ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын өмірлік тәжірибелер сабақтастығының белгісі іспетті. Алайда, суретші үшін отбасылық мұраны сақтап қалудың маңызынан гөрі материалдың одан әрі өмір сүруін жалғастырып, өзгеріп, уақыттың табын бойына сіңіре алатын қасиетінің мәні басымырақ.

Аруханның көркем тілі органикалық абстракцияға жақын. Киіз бетінде түзілетін ирек сызықтар, сан қилы бедерлер мен фактуралар құдды табиғаттағы үдерістерден де, жазуға ұқсас іздер мен жад түкпірінен қалқып шығатын пішіндерден де хабар беретіндей. Бұл бейнелердің нақты әрі тұрақты мағынасы жоқ. Олар таңба мен материяның шегінде өмір сүріп, жадтың шығарманың құрылымы арқылы көрініс табуына мүмкіндік береді.

Бұл кеңістікте дала айрықша орын алады. Ол – ішкі жадтың мекені һәм адам орала беретін кеңістік. Дала да тура жад іспетті бір жағынан ізді сақтап қалса, екінші жағынан оны жойып отырады.

Көшпелілер мәдениетінде жад белгілі бір тұрақты сақтау формасына тәуелді болмаған. Табиғи материалдардан жасалған бұйымдар уақыт өте жерге қайта сіңгенімен, жадтың өзі қолөнер, ауыздан ауызға тараған мұра мен ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан тәжірибеде өмір сүре берген. Осы тұрғыдан алғанда, Аруханның шығармаларын жоғалып бара жатқан дүниенің мұрағатын жасауға талпыныс ретінде қарастыруға болады.

Matter of Memory көрмесі жадты заттардың өзі, өткеннің ізі мен дүние  материясында өмір сүруін жалғастыратын материалдық құбылыс ретінде тануға шақырады.

Экспозиция тамыз айының 24-не дейін жалғасады.

Куратор: Ақжарқын Құмарбаева

Жоба үйлестірушісі – Акбота Алимхожина