Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейі Сағадат Нұрмағанбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтымен бірлесіп, 2026  жылдың 22 қазан күні сағат 11.00-де  Республика күніне арналған «Елім менің – мәртебем»  атты мәдени-танымдық іс- шарасын өткізеді.

Республика күні – елдігімізді айқындайтын, мемлекеттілігімізді дәріптейтін, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің маңызын айшықтайтын мереке.

Іс-шараның басты мақсаты – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жолындағы маңызды тарихи кезеңдерді ұлықтау, еліміздің жетістіктерін дәріптеу және жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді, ұлттық рухты, азаматтық жауапкершілік пен туған жерге деген құрметті қалыптастыру.

Мәдени-танымдық іс-шара аясында Сағадат Нұрмағанбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты «Елім менің – мәртебем» тақырыбында бір күндік жылжымалы көрме ұсынады.Көрме арқылы келушілер әскери институттың қызметімен, әскери-патриоттық тәрбие бағытындағы жұмысымен таныса алады.

Сонымен қатар мерекелік бағдарлама аясында әскери институттың оркестрі концерттік бағдарлама ұсынып, патриоттық мазмұндағы музыкалық шығармалар арқылы көрермендерге ерекше мерекелік көңіл күй сыйлайды.

Іс-шара Қазақстан халқының арасындағы татулық пен бірлікті нығайтуға, өскелең ұрпаққа отансүйгіштік, батырлық, бірлік рухында тәрбие беру мен ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.