12 қыркүйек — Unico Play онлайн-кинотеатры үшін ерекше күн. Осыдан тура бір жыл бұрын көрерменге жол тартқан платформа өзінің алғашқы туған күнін Қазақ киносы күнімен бірге атап өтті.
Осы бір жылдың ішінде Unico Play-ге 1,2 миллион қолданушы тіркелді. Платформа өз өндірісіндегі сегіз жобаны жарыққа шығарды. Олардың қатарында «Қара бекіре», «Майор мырза», «Тренер аға», «Тәттібаева», «Таргет» сериалдары және «Малай», «Мүшел жас», «Бабай» толықметражды фильмдері бар.
Дегенмен бұл бір жылдың нәтижесін премьералар мен көрсеткіштермен ғана өлшеу аздық етеді. Осы уақыт ішінде Unico Play Uni-Q Group жобаларымен бірге отандық контент өндірісін дамытып, қазақ тіліндегі сапалы контенттің көбеюіне күш салды. Жасанды интеллект көмегімен дубляж жасау мен субтитр әзірлеудің жаңа технологиялары енгізілді, қысқаметражды киноға арналған жобалар іске қосылды. Жаңа авторлар мен жаңа дауыстарға кәсіби ортаға жол ашатын бастамалар қолға алынды.
Дәстүрлі дубляждан жаңа технологияларға дейін
Unico Play жұмысының маңызды бағыттарының бірі — көрерменге контентті өз тілінде ұсыну. Бір жыл ішінде команда дәстүрлі дубляж, кадр сыртындағы дыбыстау және субтитр арқылы 400-ден астам туындыны қазақ тіліне бейімдеді. Олардың жалпы ұзақтығы 2000 сағаттан асады.
Әр туынды бірнеше кезеңнен өтеді: алдымен мәтін аударылып, редакцияланады, кейін актерлер студияда кейіпкерлерді дыбыстайды. Одан соң дыбыс өңделіп, дайын материал техникалық және шығармашылық тұрғыдан тексеріледі.
Сонымен қатар жасанды интеллект мүмкіндіктері де кеңінен қолданылып келеді. Арнайы технологияның көмегімен жалпы ұзақтығы 10 мың сағаттан асатын 1972 туындыға субтитр әзірленді. Жүйе сөйлеуді автоматты түрде танып, мәтінді бірнеше тілге аударады және дайын субтитр файлын өзі құрастырады. Бір материалды талдап, дайын файлға айналдыруға небәрі 5–10 минут қажет.
Жасанды интеллект дубляж саласында да қолданылып жатыр. Unico Play командасы контентті бес тілде автоматты түрде дыбыстауға мүмкіндік беретін өз технологиясын әзірлеуде. Бүгінде осы технология арқылы «Қазақфильмнің» алтын қорындағы 80-нен астам фильм жаңа тілдерде сөйлей бастады. Олардың арасында «Девушка-джигит», «Менің атым Қожа», «Алдар Көсе», «Тақиялы періште» сынды қазақ киносының классикалық туындылары бар.
Unico Play кәсіби актерлермен қатар, дубляжға жаңа дауыстарды тартуға да ерекше мән берді. Осы мақсатта Dybystau — фильмдер мен сериалдарды дыбыстауға жаңа дауыстар іздейтін Қазақстандағы алғашқы байқау ұйымдастырылды.
Еліміздің түкпір-түкпірінен 900-ден астам адам өтінім берді. Қатысушылар бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтіп, дауыс сынамаларын жазды, сала мамандарының шеберлік сабақтарына қатысты. Нәтижесінде 10 жеңімпаз таңдалып, олар Unico Play-дегі үш туындының кәсіби дубляжына қатысуға мүмкіндік алды.
Жаңа есімдерді іздеу мұнымен тоқтаған жоқ. «Аватар: Аанг туралы аңыз» жобасында Unico Play бұған дейін фильмдер мен сериалдарды өз бетінше дыбыстап жүрген фанаттық қауымдастық өкілдерімен жұмыс істей бастады. Бұл бастама жас актерлерге, аудармашылар мен дыбыс режиссерлеріне әуесқой ортадан кәсіби дубляж саласына өтуге жол ашты.
Өрмекші адамды қазақстандық әртістер дыбыстады
Жылдың ең көп назар аудартқан жобаларының бірі — «Өрмекші адам: Ғаламдар тоғысында» анимациялық фильмінің қазақша нұсқасы.
Оны дайындауға қазақстандық медиа саласының өкілдері, кәсіби сценаристер, режиссер және дубляж студиясы атсалысты. Кейіпкерлерге Алдияр Жапарханов (Ирина Кайратовна), Рүстем Жаныаманов, Ұлбосын Шалқарова, Мона, Мират Миятов, Жансая Мұратбекова, Дархан Сүлейменов және басқа да қазақстандық әртістер дауыс берді.
Жоба тек экранмен шектелмеді. Өрмекші адам кейіпкерлері қала көшелерінде көрініп, әлеуметтік желілер мен қазақстандық танымал тұлғалардың парақшаларында пайда болды. Нәтижесінде науқанның әлеуметтік желілердегі жалпы қамтуы 6,8 миллионнан асты.
Идеядан дайын фильмге дейін
Жаңа авторларға мүмкіндік беру үшін Unico Play Lab жобасы іске қосылды. Бұл жергілікті авторларды қолдап, кино саласына жаңа есімдер әкелуді көздейтін орта. Оның аясында QYSQA, Sheber және JAZU бағыттары жұмыс істейді.
Sheber алғашқы маусымының өзінде 10 қысқаметражды фильмнің дүниеге келуіне мүмкіндік берді. Бұл қысқаметражды фильм сценарийлеріне арналған, авторларға менторлық қолдау көрсетіп қана қоймай, үздік жобаларды толық өндіріс кезеңіне дейін жеткізетін Қазақстандағы алғашқы питчинг.
Ал QYSQA отандық қысқаметражды фильмдерге арналған алаңға айналды. Мұнда жас режиссерлер мен тәуелсіз авторлар өз туындыларын кең аудиторияға ұсына алады.
JAZU болса, сценарий жазуға алғашқы қадамын жасап жүрген авторларға бағытталған білім беру бағдарламасы. Оның алғашқы легіне 120 өтінім түсіп, 35 қатысушы іріктелді.
Unico Play жобалары халықаралық деңгейде де бағаланды. «Қара бекіре» сериалы GEMA Asia Awards 2025 байқауында бірден екі жүлдеге ие болды: Best Integrated Marketing Campaign аталымында Gold, ал Best Key Art: Poster аталымында Silver жүлдесін жеңіп алды. Бұл аталымдарда жоба Netflix және Warner Bros. секілді халықаралық компаниялардың жұмыстарымен қатар сынға түсті.
Бір жылдың артында — мыңдаған адам
1,2 миллион қолданушы, сегіз төл жоба, мыңдаған сағат қазақшаланған контент. Бұл Unico Play-дің алғашқы жылының сандармен өлшенетін нәтижесі.
Ал сол сандардың артында актерлер, режиссерлер, сценаристер, аудармашылар, дубляж мамандары, дыбыс режиссерлері, продюсерлер, технологиялық командалар және Қазақстанда контент жасап жүрген мыңдаған маманның еңбегі тұр.
Бүгінде Unico Play төрт елдегі 14 дубляж студиясымен жұмыс істейді. Бұл серіктестік отандық және шетелдік контентті кәсіби деңгейде қазақшалауға және басқа тілдерге бейімдеуге мүмкіндік береді.
«Бір жыл бұрын Unico Play-ді іске қосқанда, алдымызға жай ғана кино көретін тағы бір платформа құруды мақсат еткен жоқпыз. Біз Қазақстандағы кино индустриясының дамуына үлес қосқымыз келді. Өзіміздің оқиғаларды экранға шығарып, жаңа авторлар мен жаңа дауыстарға мүмкіндік беру, қазақ тіліндегі контентті көбейту және технологияны осы жұмысты жаңа деңгейге көтере алатын тұста пайдалану біз үшін маңызды болды. Бүгінгі әр нәтижеміздің артында Қазақстанда кино жасап жүрген үлкен команданың еңбегі тұр», — деп Unico Play онлайн-кинотеатрының CEO-сы Дияс Досмұханбет бөлісті.
Бір жылдың ішінде Unico Play қазақстандық фильмдер мен сериалдарды көрерменге жеткізетін платформа ғана емес, жаңа туындылар дүниеге келетін, контент қазақша сөйлейтін, ал жаңа авторлар мен жаңа дауыстар өз орнын табатын ортаға айналды.