17 қарашада Алматы қаласында режиссер Дархан Кариповтың «Соңыра» атты жаңа көркем фильмінің арнайы көрсетілімі өтті. Драмалық туынды өрт сөндірушілердің кәсіби қызметімен қатар, олардың жеке өмірін, отбасылық мәселелерін, ішкі күйзелістері мен адамдық қарым-қатынастарын арқау етеді.

Көпшілік өрт сөндірушілерді төтенше жағдай кезінде адам өмірін құтқаратын батыл мамандар ретінде таниды. Алайда олардың да жұмыстан тыс өз өмірі, уайымы, шешілмеген мәселелері мен жақындары алдындағы жауапкершілігі бар. «Соңыра» фильмі осы қырды ашып, кейіпкерлердің кәсіби міндеті мен жеке өміріндегі күресті қатар көрсетеді.

Фильм сюжеті: әр адамның өз тағдыры бар

Фильмнің негізгі желісі өрт сөндіру бөлімінің басшысы Қаламқастың тағдырына құрылған. Ол – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, талапшыл әрі тәжірибелі маман. Бірақ жеке өмірінде қиындықтар аз емес. Күйеуі Әділ құмар ойындарға тәуелді. Қаламқас қызы Зеренің болашағын ойлап, отбасын сақтап қалуға және күйеуінің өзгеретініне сенуге тырысады.

Фильмде басқа кейіпкерлердің де өзіндік оқиғалары бар. Мағжан ішімдікке салынған әкесінің әрекетінен шаршаған анасына алаңдайды. Жүрсін жүре алмайтын әйелін аяққа тұрғызу үшін ем іздейді. Ал жас жүргізуші Айбек ауылдағы тұрмысы төмен отбасына көмектесіп, жақындарының өмірін жақсартуды армандайды. Сонымен қатар диспетчер Жамал мен Айбектің арасында біртіндеп жылы сезім пайда болады.

Осылайша, фильм бірнеше адамның тағдырын бір арнаға тоғыстырады. Бірі отбасын сақтап қалуға тырысса, енді бірі жақынының денсаулығы үшін күреседі.

Олардың барлығын біріктіретін ортақ нәрсе – өмірдің қиындықтарына қарамастан, үмітін жоғалтпауға деген талпыныс.

Sonyra 1143 resized

Өрт сөндірушілердің кәсібі мен адамдық болмысы

Туындының ерекшелігі – өрт сөндірушілерді тек кәсіби міндетін атқаратын мамандар ретінде емес, сезімі, қорқынышы, арманы мен жеке мәселелері бар қарапайым адамдар ретінде көрсетуінде.

Өзгелердің өмірін құтқаруға асығатын кейіпкерлер кейде өз мәселелерін шешуге келгенде қиындыққа тап болады. Себебі қызметте нақты міндеттер мен шешімдер болса, жеке өмірде әр жағдайдың дайын жауабы жоқ. Фильм осы қарама-қайшылық арқылы отбасы, жауапкершілік, тәуелділік, қамқорлық пен адам тағдыры туралы ой қозғайды.

«Соңыра» атауының мәні

«Соңыра» атауының өзі де белгілі бір мағынаға ие. Кейде адамдар маңызды әңгімелерді, жақындарына деген сезімін білдіруді немесе өміріндегі өзгерістерді кейінге қалдырады. Бірақ сол сәттің қашан келетінін ешкім білмейді. Фильм кейіпкерлерінің оқиғалары арқылы көрерменге уақыттың қадірін, жақын адамдарға көңіл бөлудің маңызын еске салады.

Шығармашылық топ

Фильмнің режиссері әрі сценарий авторы – Дархан Карипов. Басты рөлдерде Дариға Бадықова, Олжас Абай, Дархан Сүлейменов, Шағуан Үмбетқалиев және Қазбек Төлен өнер көрсетеді.

17 қарашада Алматыда, 18 қарашада Астанада өткен арнайы көрсетілімнен кейін фильм 19 қарашадан бастап Қазақстан кинотеатрларында көрерменге жол тартты. Туындының ұзақтығы – 95 минут.

Отбасы, махаббат және өмірлік таңдау туралы драма

«Соңыра» – өрт сөндірушілердің өмірін баяндайтын фильм ғана емес. Бұл – отбасы, махаббат, жауапкершілік, жақындарға деген қамқорлық пен өмірлік таңдау туралы драма. Кейде өзгелерге көмектесуге асығып жүріп, өзімізге және ең жақын адамдарымызға көңіл бөлуді ұмытып кетеміз. Ал кейбір сөздер мен әрекеттерді кейінге қалдыруға болмайды.

Назира Бурханова

Профессиональный фотограф Максат Турсынбайулы