2022 жылғы 07 сәуір күні сағ. 11.00-де Қазақстанның этнодизайн саласының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, профессор Аманжол Найманбайұлының құрметіне орнатылған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Аманжол Найманбайұлы Қазақстан Дизайнерлер Одағы құрылған күннен бастап этнодизайн секциясын басқарып, осы өнердің негізгі шығармашылық өзегі - дизайн саласында қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыпын насихаттау, оның өрлеуі мен дамуына даңғыл жол ашты.
Сонымен қатар, бүгінгі жаһандану заманында халқымыздың ұлттық болмысын сақтап, елдің рухани дамуына ерекше үлкен мән бере отырып, ұлт өркениетінің озық туындысы – киіз үйді ұзақ жыл зерттеп, бүгінгі заманға сай жаңғыртып, заманауи сипатта әр беріп жарақтауға мұрындық болған.
Көрнекті сәулетші 40 жылдай еңбек етіп, өзінің ұзақ жылдық шығармашылық жолында 50 – ден астам жобалардың, республика музейлерінің экспозициясын жобалау мен оларды қайта жабдықтаудың алғашқы авторы болды.
Оның ерен еңбегі қазақ этнодизайны мен отандық сәулет өнерінің жарқын беттерін құрап, рухани мұра қатарынан орын алды.
Мемориалдық тақта орнатылған үйдің мекенжайы: Алматы қаласы, Дулатов көшесі, 35 (С. Сейфуллин даңғылының қиылысы).