Алматыда халықаралық технологиялық компаниялардың Қазақстан нарығына шығуына бағытталған Central Eurasia Market Entry (CEME) бағдарламасы басталды. Бағдарламаны Astana Hub Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырып отыр.
CEME аясында шетелдік технологиялық компаниялар Қазақстан нарығын зерттеп, жергілікті клиенттер мен серіктестермен байланыс орнатады, өнімдерін нарық ерекшеліктеріне бейімдейді және пилоттық жобаларды іске қосу мүмкіндіктерін қарастырады.
«CEME – Қазақстанның халықаралық технологиялық ынтымақтастығын нығайтып, еліміздің нарығына жаңа технологиялық шешімдерді тартуға мүмкіндік беретін бағдарлама. Біз үшін шетелдік компаниялардың Қазақстаннан клиенттер мен серіктестер тауып, ал отандық бизнестің жаңа технологиялар мен сараптамаға қол жеткізуі маңызды», – дейді Astana Hub басқарушы директоры Талғат Өскембаев.
Қазақстан нарығындағы алғашқы қадамдар
Бағдарлама 12 аптаға есептелген. Осы уақыт ішінде халықаралық командалар Алматыда жұмыс істеп, нарықтың ерекшеліктерін зерттейді, әлеуетті клиенттермен және серіктестермен кездеседі, өнімдерін жергілікті қажеттіліктерге бейімдейді.
CEME-нің негізгі ерекшелігі – бағдарламаның нақты бизнес нәтижелеріне бағытталуы. Қатысушылар үшін басты көрсеткіштер – жаңа клиенттер, серіктестіктер, пилоттық жобалар және Қазақстанда әрі қарай жұмыс істеу мүмкіндігі.
Бағдарламаға Product-Market Fit және Scaling кезеңдеріндегі, яғни жұмыс істеп тұрған өнімі, клиенттері мен сатылымдары бар технологиялық компаниялар қатысады. Олар үшін Қазақстан жаңа нарыққа шығумен қатар, бизнесті Орталық Азияда әрі қарай масштабтау мүмкіндігін береді.
Алматыға қандай технологиялар келді
CEME қатысушылары арасында жасанды интеллект және бизнес-процестерді автоматтандыру, FinTech, цифрлық сервистер, денсаулық сақтау, дауыс технологиялары және қалалық инфрақұрылым бағыттарында жұмыс істейтін компаниялар бар.
Енді олардың командалары өз шешімдерін қазақстандық нарықта сынақтан өткізіп, жергілікті бизнес пен мемлекеттік және жеке ұйымдармен ықтимал серіктестік форматтарын қарастырады.
«Алматы үшін CEME бағдарламасының іске қосылуы халықаралық технологияларды, сараптаманы және жаңа іскерлік байланыстарды Қазақстанға тартуға мүмкіндік береді. Бағдарламаның пайдасы тек қатысушылар үшін ғана емес, қазақстандық бизнес пен IT-экожүйе үшін де маңызды. Бұл – жаңа серіктестіктер, заманауи шешімдер және бірлескен жобаларды іске қосуға арналған жаңа мүмкіндіктер», – дейді Almaty Hub директоры Аида Дусова.
Қалалық инфрақұрылымнан денсаулық сақтауға дейін
CEME қатысушыларының бірі – Әзербайжандық Park Hub Almaty компаниясы. Компания Қазақстанда қалалық инфрақұрылым, атап айтқанда, автотұрақ мәселелеріне арналған шешімдерін дамытуға ниетті.
«Автотұрақ мәселесі ірі қалалар үшін өте өзекті. Біз бұл бағытта Бакуде жұмыс бастап, алғашқы нәтижелерді көріп отырмыз. Сондықтан тәжірибемізді Қазақстанда да масштабтап көруге шешім қабылдадық. Алматы – ірі мегаполис, сондықтан біздің шешімімізді дамыту үшін қызықты нарық», – дейді Park Hub Almaty өкілі Самир Гадиров.
Тәжікстандық tomo24 компаниясы Қазақстанға денсаулық сақтау саласындағы технологиялық шешімін масштабтау үшін келді. Компания Тәжікстанда жұмыс істеп, Өзбекстанда белсенді дамып келеді.
«Қазақстан нарығына шығу – біз үшін масштабтаудың маңызды кезеңі. Біз Қазақстанды технологиялық тұрғыдан дамыған нарық әрі жаһандық экспансия үшін маңызды өсу нүктесі ретінде қарастырамыз», – дейді tomo24 өкілі Билоли Бобозода.
Қырғызстандық Onbir компаниясы үшін CEME қаржы ұйымдарымен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
«Біз үшін CEME – Қазақстанның қаржы ұйымдарына шығуға және жылы іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік. Astana Hub қолдауымен бағдарламаға қатысу компанияның нарыққа шығуына деген сенімді арттырып, одан әрі даму мен масштабтау үшін қосымша мүмкіндіктер ашады», – дейді Onbir өкілі Ахмат Кабылбеков.
Кездесуден нақты жобаға дейін
CEME бағдарламасы трекерлер мен халықаралық сарапшылардың қатысуымен өтетін практикалық жұмысқа негізделген. Қатысушылар Қазақстан нарығының ерекшеліктерін зерттеп қана қоймай, нақты клиенттермен сөйлесіп, өнімдерін жергілікті сұранысқа бейімдейді.
Бағдарламаның нәтижесі кездесулер мен презентациялар санымен емес, нақты бизнес нәтижелерімен бағаланады. Компаниялар үшін бұл клиентпен келісімге келу, серіктестік орнату, пилоттық жобаны іске қосу немесе Қазақстанда ұзақ мерзімді жұмыс істеу туралы шешім болуы мүмкін.
CEME қазақстандық бизнеске де жаңа мүмкіндіктер ашады. Жергілікті компаниялар халықаралық технологиялық шешімдермен және шетелдік серіктестермен танысып, өз бизнесіне жаңа құралдарды енгізе алады. Ал қазақстандық стартаптар мен IT-компаниялар халықаралық компаниялармен байланыс орнатып, жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктерін кеңейте алады.
Ұзақ мерзімді перспективада бағдарламаға қатысатын компаниялардың Алматыда өкілдіктер ашуы, инвестиция тартуы, жергілікті серіктестермен бірлескен жобалар мен жаңа жұмыс орындарын құруы мүмкін.
Осылайша, CEME Алматыны халықаралық технологиялық компаниялар мен қазақстандық бизнесті байланыстыратын практикалық алаңдардың біріне айналдыруға бағытталған. Бағдарлама шетелдік компанияларға Қазақстан нарығында алғашқы нақты қадамдарын жасауға мүмкіндік берсе, жергілікті бизнеске жаңа технологиялар мен халықаралық серіктестерге қол жеткізуге жол ашады.
