14 қазанда Қазақ-Америка университетінде (ҚАУ) ядролық индустрияның болашағына арналған халықаралық конференция өтті. Жиында атом энергетикасын дамыту, өнеркәсіпке жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу, халықаралық әріптестікті нығайту және салаға білікті мамандар даярлау мәселелері қарастырылды.
Конференцияға әртүрлі елдердің ғалымдары, салалық сарапшылары, кәсіби ұйымдар мен өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері қатысты. Іс-шараны Қазақ-Америка университеті мен 18 мемлекеттің өкілдерін біріктіретін Атом энергетикасы мен өнеркәсібі ардагерлерінің халықаралық одағы (АЭӨАХО) ұйымдастырды.
Кездесу аясында ҚАУ мен «Восток» ядролық индустрия ардагерлері одағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат бірлескен ғылыми-білім беру бастамаларын жүзеге асыруды, тәжірибе алмасуды және ядролық салада жинақталған кәсіби білімді жас мамандарға жеткізуді көздейді.
Қатысушылар ядролық индустрияның даму бағыттарын және оның энергетика, металлургия, химия өнеркәсібі, геология мен ақпараттық технологиялар сияқты салалармен байланысын талқылады. Сонымен қатар уран өндіру мен өңдеу, өндірістік үдерістерді цифрландыру, халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту және саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды.
Қазақстанда жаңа энергетикалық саланы дамыту және толыққанды ядролық кластер қалыптастыру тақырыбына ерекше мән берілді. Бұл бағыттар ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған стратегиялық міндеттермен сабақтас. Конференцияға қатысушылар атом энергетикасын дамыту технологиялық жаңғыртуды, өнеркәсіптік инфрақұрылымды жетілдіруді, мамандар даярлауды және халықаралық байланыстарды нығайтуды қатар қамтитын кешенді жұмысты қажет ететінін атап өтті.
Іс-шараға АЭӨАХО өкілдері Виталий Лебеденко, Бауыржан Дүйсебаев және Игорь Кулешов, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың ғалымдары мен сарапшылары қатысты. Талқылаулар барысында саланың технологиялық дамуымен қатар, кәсіби тәжірибені сақтау, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету және өнеркәсіптің жаңа талаптарына сай мамандар даярлау мәселелері де көтерілді.
Жиынның тағы бір маңызды тақырыбы жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді өнеркәсіпте қолдану болды. Қатысушылар бұл технологиялардың өндіріс тиімділігін арттыруға, деректерді талдауды жетілдіруге және өнеркәсіптік кешендердің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.
Қазақ-Америка университетінің президенті Асылбек Исахов энергетика мен өнеркәсіптегі ірі жобаларды жүзеге асыру үшін технологиялар мен инфрақұрылыммен қатар, оларды тиімді дамытып, жауапкершілікпен қолдана алатын мамандардың маңызы зор екенін айтты.
«Сондықтан бүгінде университеттер, ғылыми ұйымдар мен өнеркәсіп кәсіпорындары арасындағы байланысты нығайту, халықаралық білім алмасуды кеңейту және жаңа буын мамандарын даярлауға қажетті жағдай жасау айрықша маңызды», — деп атап өтті ол.
Конференция аясында ядролық индустрия ардагерлерінің тәжірибесін жас зерттеушілер мен болашақ мамандарға беру мәселесі де талқыланды. Қатысушылар жаңа энергетикалық бағыттар дамып, жоғары технологиялық шешімдер енгізіліп жатқан кезеңде ғылыми және өндірістік білімді сақтау мен кейінгі буынға жеткізудің маңыздылығына тоқталды.
Алматыда өткен халықаралық конференция ядролық индустрияның өзекті мәселелерін талқылауға, кәсіби тәжірибе алмасуға және Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға қажетті ғылыми, технологиялық әрі кадрлық әлеуетті қалыптастыру жолдарын қарастыруға мүмкіндік берді.