Алматы қаласының жұмыс берушілері электронды порталдың көмегімен қызметкерлерді белсенді іздестіруде және халықты жұмыспен қамту орталығы қала тұрғындарын жұмысқа қабылдауға дайын. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында ведомство басшысы Диляра Иманқұлова айтты.

«Осы жылы халықты жұмыспен қамту орталығы зейнеткерлік жасқа дейінгі 500-ден астам қала тұрғынына және 1 600-ден астам мүмкіндігі шектеулі алматылықтарға жұмыс табуға көмектесті», - деді Диляра Иманқұлова.

Алматы қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы қазіргі уақытта "Еңбек" бағдарламасы бойынша нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытуды жүзеге асырып жатқанын айтты. Жоба аясында "Жастар практикасы" өткізіледі. Соның арқасында ЖОО мен колледж түлектері таңдаған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін алады.

«Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша жастар практикасына қатысушылардың жалақысы 25 АЕК-тен 69 450 теңгеден 35 АЕК-ке дейін өсті және салық есебімен 102 мың теңгені құрайды. Біздің жұмыспен қамту орталығының мамандары жастардың жұмысқа орналасуы кезінде туындайтын бірқатар мәселелерді шешуге көмектеседі, атап айтқанда, қажетті жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді», – деді Д. Иманқұлова.

Жұмыс іздеу тақырыбын жалғастыра отырып, спикер қазіргі уақытта жұмыссыздар жұмыспен қамту орталығына жүгінбей, Enbek электрондық биржасына жүгіне алатынын айтты. Бұл жұмыс іздеу мен персоналды іріктеуге жәрдемдесу үшін жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң. Бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы ақпарат күн сайын жаңартылып отырады.

«Біздің жұмыспен қамту орталығында жұмыс берушілерді қолдау бөлімі жұмыс істейді, оның қызметкерлері Алматы қаласының жұмыс берушілерімен байланысты. Айта кетсек, бүгінде "Enbek" базасында жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру бойынша Алматыдан 7 мыңнан астам жұмыс беруші тіркелген. Жергілікті құрылыс компаниялары, сауда үйлері жұмысқа қабылдауды белсенді жүргізуде», – деді Д. Иманқұлова.

Сондай-ақ Жұмыспен қамту орталығының басшысы қала тұрғындарын зейнет жасына дейінгі жұмыспен қамту тақырыбын қозғады. Спикердің айтуынша, биыл орталыққа жүгінудің арқасында 55 пен 63 жас аралығындағы 528 адам жұмысқа орналасты.

«Бізбен ынтымақтасатын жұмыс берушілер зейнет жасындағы азаматтарды жұмысқа қабылдауға дайын. Сондай-ақ "Еңбек" бағдарламасы бойынша уақытша жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар», – деді Д. Иманқұлова.

Сонымен қатар спикер мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру туралы айтып берді. Оның айтуынша, олар үшін мүгедектік тобына қарамастан жұмыс іздеу жүзеге асырылады.

«Биыл біз мүгедектігі бар 1 600-ден астам адамды жұмысқа орналастырдық, оның ішінде 139 адам тұрақты жұмыс орындарына, 347 адам үкіметтік емес ұйымдарға уақытша жұмыс орындарына, тағы 489 адам әлеуметтік орындарға жұмысқа тұрды. Алматыда 10-ға жуық ұйым көру қабілеті бұзылған адамдарды жұмысқа қабылдауға дайын. Қаланың барлық ұйымдарына мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыруға квоталар бар екенін айтқым келеді», – деді Д. Иманқұлова.

Алматы қаласының халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы әйелдерді, әсіресе көп балалы аналарды жұмысқа орналастыруға үлкен қолдау көрсетіп отырғанын айтты. Биыл орталық 54 көп балалы анаға жұмыс тапты, оның 34-і АӘК алушылар.