2 шілдеде Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында Алматы қаласы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин қалада коронавирустың жаңа штаммдарының айналымы туралы айтты

Ж. Бекшиннің айтуынша, Алматыда эпидемиологиялық ахуал және инфекцияның таралуына жол бермеу карантиндік шараларды сақтауға және мегаполис тұрғындарының вакциналану қарқынына тікелей байланысты.

Алматының бас санитарлық дәрігері дерт жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты эпидемиологтардың 18 маусымнан бастап Алматыда мутацияланған штаммдарға зерттеу жүргізе бастағанын айтты.

Бас санитарлық дәрігер қалада бұрын эпидемиологиялық ахуалдың күрделенуі британдық "Альфа" штаммына қатысты болғанын, енді болжам бойынша Нұр-сұлтан қаласы мен Ресейден әкелінген "Дельта" штаммынан өрши түскенін айтты.

Ж. Бекшин 30 маусымда кезекті зерттеулердің нәтижесі алынғанын айтты.

"46 сынаманың 36-да "Дельта" штаммы, 8-інде "Альфа" штаммы және екеуінде – ашылмаған мутация анықталды. Алматыдағы эпидемиологиялық ахуал коронавирус дертіне шалдыққандарды зерттеу барысында анықталған 78% үлгісінде COVID-19 жаңа "Дельта" штаммына байланысты болуда", – деді Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы.

Ж. Бекшин қала тұрғындары мен қонақтарын халық көп жиналатын орындарға бармауға, әлеуметтік қашықтық пен бетперде режимін сақтауға шақырды. Алматының бас санитарлық дәрігері коронавирустың жаңа штаммының тез таралатынын әрі қала тұрғындарының денсаулығы үшін өте екенін, сондықтан вакциналану қажеттігін еске салды.