Алматы қаласы бойынша ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің жарты жылдық қорытындысын шығарды. Ведомство басшысының орынбасары Қанат Керімқұловтың айтуынша, мамандар 44 тексеру жүргізіп, оның 28-інде заң бұзушылықтар анықтаған.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қанат Керімқұлов мемлекеттік бақылау қорытындысы бойынша 28 жағдайда техникалық реттеу, аккредиттеу мен өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактілері анықталғанын, бұл тексерулер 64% құрағанын айтты.
Бұдан басқа қадағалау органы өкілдерінің қатысуымен өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы ҚР заңнамасының талаптарын сақтау бойынша үш бірлескен тексеру жүргізілді.
"Нәтижесінде үш жағдайда "Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы" ҚР заңының 19-бабы бұзылғаны анықталды. Лауазымды тұлғаларға қатысты бұзушылықтарды жою туралы жазылған ұсыныстар барысында әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынды", – деді Қ. Керімқұлов.
Тексеру нәтижелері бойынша осы жылдың 6 айында 132 сәйкестік сертификаты, 40 сәйкестік туралы декларация, 5 менеджмент жүйесі сертификаты, 51 тексеру сертификаты қайтарып алынды әрі қолданысы тоқтатылды. 511 өлшем бірлігі қаралып, 344 бірлік қолдануға жарамсыз.
Сонымен қатар сәйкестікті растау жөніндегі сарапшы-аудиторлардың үш аттестаты 6 ай мерзімге тоқтатылып, 787 590 теңге әкімшілік айыппұл салынды. 525 060 теңге сомасына әкімшілік айыппұл салумен өлшеу құралдарын тексерушінің екі аттестаты 6 ай мерзімге тоқтатылды.
Сондай-ақ Техникалық реттеу және метрология комитеті департаменті басшысының орынбасары бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ведомство тауарында сәйкестік сертификаты жоқ 10 кәсіпорынға қатысты материалдар келіп түскенін хабарлады. Барлық фактілер бойынша 284 407 теңге, жалпы сомасы 3 602 495 теңге айыппұл салынды.