Алматыда құрылыс цифрландырылып, барлық деректер интерактивті бір картаға көшіріледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов хабарлады.
Алматының бас сәулетшісі Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша қаланың Гео-порталы негізінде нысандар құрылысы мониторингінің интерактивті картасы жасалғанын айтты. Бұл ресурс салынып жатқан нысан мен салынатын нысандар жайлы қажетті ақпаратпен қамтамасыз етеді.
"Енді онлайн-режимде көппәтерлі тұрғын үй кешені мен жеке тұрғын үй құрылысының жобалары туралы ақпарат алуға болады. Ақпарат онлайн режимінде жаңартылады", – деді А. Ахмеджанов.
Бұдан басқа бұл порталда барлық қажетті ақпарат бар: құрылыс паспорты, жобаның атауы, құрылыс салушы, кадастрлық нөмірі, эскиздік жобаның келісімі туралы мәліметтер, сондай-ақ берілген СЖТ бойынша мәліметтер, құрылыстың басталу мерзімі, пайдалануға беру мерзімі, авторлық немесе техникалық қадағалау, құрылыс алаңы, қабат пен пәтерлер саны.
Карта Алматы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының сайтына енгізілген http://building.uaig.kz/.