Консультативтік-диагностикалық көмекке жолдаманы дер кезінде алу үшін не істеу керек? Пациенттер өз құқығын қалай қорғай алады? Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы көпшілікті мазалайтын сұрақтарға жауап берді.
Филиал өкілдерінің айтуынша, медициналық мекемелерде диагностикалық қызмет көрсету жағынан өзекті проблемалар жоқ емес. Талап бойынша, салалық мамандардың қабылдауы мен диагностикалық қызметтерге кезек күту мерзімі 10 күннен аспауы тиіс. Ал шұғыл жағдайларда медқызмет сол күні, кешіктірілмей көрсетілуі шарт. Егер емхана кезек толуына байланысты аталған қызмет түрлеріне жазуды тоқтатқан жағдайда пациентке басқа клиникаға жолдама берілуі тиіс. Жолдама қосымша келісімшарт негізінде беріледі.
«Қазір Алматы қаласы бойынша Қормен 182 медицина ұйымы жұмыс істейді. Олардың арасында кардиология және реабилитация орталықтары, диагностикалық зертханалар т.б. бар. Егер науқасқа қажетті қызмет емханада көрсетілмейтін болса, басқа емдеу мекемесіне жолдама беріліп, қызметпен қамтамасыз етілуі тиіс. Пациент құқығы аяқ-асты болмауы тиіс», - деді Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаев.
Сондай-ақ, пациент қажетті медқызметті көрсететін клиниканы да таңдай алады. Содан соң fms.kz сайтына кіріп, өзі таңдаған клиниканың Қормен жұмыс істейтін ұйымдар тізімінде бар-жоғын тексеруі тиіс. Егер клиника Қордың жеткізушілер тізімінде болса учаскелік дәрігерден сол жаққа жолдама беруді сұраса болады.
«Қор медициналық қызметтерді сатып алушы ретінде қызмет көрсететін клиникалар санын арттырып отыруға күш салады. Бұл медицина ұйымдарына түсетін жүктемені белгілі бір мөлшерде азайтып, қызмет көрсету мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді», - деді Тілеухан Әбілдаев.
Естеріңізге сала кетсек, пациенттер құқығы бұзылған жағдайда Қордың арнайы байланыс каналдарына хабарласа алады. Өтініштер мен шағымдарды Qoldau24/7, 1406 бірыңғай байланыс орталығы мен fms.kz ресми сайты арқылы қалдыруға болады.