Бұл мәліметтерді қаланың Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының директоры Тілеухан Әбілдаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында айтты. Ол елде медициналық сақтандыру жүйесін енгізу пандемия кезеңіне сәйкес келгенін, сондықтан барлық медициналық көмек, оның ішінде коронавирустың таралуын болдырмау қызметтерін сақтандыру мәртебесіне қарамастан міндетті медициналық сақтандыру жүйесі есебінен жүргізілгенін еске салды.
«Пандемия басталғалы бері 2020 жылдың наурызынан бастап медициналық сақтандыру қоры коронавирус пен пневмониямен күресу шаралары үшін ақы төлеуді, оның ішінде медицина қызметкерлеріне үстеме ақы төлеуді қарастырды. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматы қаласында эпидемияға қарсы шараларға қатысқан 42 559 дәрігер 18,3 млрд теңге көлемінде үстемақы алды», - деді Т.Әбілдаев.
Жалпы сомадан бірінші жартыжылдықта төленгені:
- 1-ші тәуекел тобы - 12,6 млрд теңге (20 069 адам);
- 2-ші тәуекел тобы - 4,1 млрд теңге (12 480 адам);
- 3-ші тәуекел тобы - 1,6 млрд теңге (10 010 адам).
Барлығы 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматыда коронавирустық инфекциямен ауыратын пациенттерді емдеуге медициналық қызмет көрсетуге 15,8 млрд теңге төленді, ал ПТР-тесттерден 2,5 млрд теңгеге 313 мыңнан астам азамат өтті.
Т. Әбілдаев қазақстандықтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан коронавирустық инфекция мен пневмонияға қарсы медициналық көмек тегін алатынын еске салды. Үйдегі мобильді топтар мен ауруханалардың қызметтері COVID-19 жұқтырғандарға және COVID-19 күдігі бар науқастарға көрсетіледі. Биыл мобильді топтар шамамен 119 мың шақыртуларға қызмет көрсетті, 681,6 млн төленді.