Алматыдағы Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы ауданда қандай тұрғын үй кешендері мен жаңа саябақтар пайда болатыны, қай аулалар мен аумақтар абаттандырылатыны туралы айтты.
А. Қалдыбеков қазіргі уақытта Алатау ауданы жаңа заманауи тұрғын үй кешендерімен белсенді түрде салынып жатқанын баса айтты. Көппәтерлі тұрғын үй қоры 655 үйді құрайды.
Өткен жылы ауданы 272 мың м2 болатын 35 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, оның ішінде «Алмалы» көпқабатты бес үйі, «Алатау сити» тұрғын үй кешенінің 7 үйі және 13 шағын ауданның 23 үйі.
«Биыл мемлекеттік бағдарлама бойынша Рахат-Мәдениет шағын ауданындағы 22 үйден тұратын «Мәдениет» тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталуда. Жоба бойынша 44 мың м2 тұрғын үй құрылысы қарастырылған», - деді А. Қалдыбеков.
2021 жылы инвестициялар есебінен «Алатау сити», «Алмалы», «Shahar City», «O-JET», «Ырысты», «Ақкент», «Северный», «Достық» сегіз тұрғын үй кешенінде 87 көпқабатты үй салынуда. Пайдалануға берілетін тұрғын үйдің ауданы 434 мың шаршы метрден асады.
Сондай-ақ, А. Қалдыбеков ауданды санитарлық тазарту жұмыстарын күшейту туралы айтты. Мысалы, Алатау ауданының 23 шағын ауданында қоқыс шығаратын 12 кәсіпорын бар. Ауданда 45 контейнер алаңы бар, контейнерлердің жалпы саны - 180 бірлік. Күніне 1200-1300 м3 қоқыс шығарылады.
Ауданды көгалдандыруға жете көңіл бөлінеді, жыл басынан бері 1200-ден астам ағаш отырғызылды. Тағы 3 000 көшет күзде отырғызылады деп жоспарлануда. Жалпы, Алатау ауданда 130 мыңға жуық ағаш отырғызу жоспарланған.
А. Қалдыбеков әр тұрғынға өз жобаларын ұсынуға мүмкіндік беретін «Бюджетке қатысу» бағдарламасының ауданда қалай жүзеге асырылып жатқанын түсіндірді.
2020 жылы осы бағдарлама аясында қала тұрғындарынан 99 жоба келіп түсті, оның ішінде тұрғындардың дауыс беруі бойынша биыл 1 млрд 300 млн теңгенің 31 жобасы жүзеге асады. Барлық жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, олар жыл соңына дейін аяқталады.
Сонымен қатар, қолайлы жағдай жасау үшін Ұлжан, Шаңырақ-2, Нұркент, Алғабас шағын аудандарындағы жасыл аймаққа ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
«Жоба аясында 2021 жылдың соңына қарай балалар мен спорт алаңдары салынады, жаяу жүргіншілерге арналған қосымша аймақтар құрылады, көшелер жарықтандырылады, демалатын орындар пайда болады», - деді аудан әкімі.
Ауданда 53 аула аумағын абаттандыру бойынша жұмыстар басталды. Сонымен қатар 15 ауланы жөндеу жоспарланған.