Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде мегаполис мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы мен оқушылардың санитарлық -эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы айтты.
Л. Жылқыбаеваның айтуынша, Алматыда жаңа оқу жылы қатаң санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, қалыпты форматта басталады деп жоспарлануда. Бұл ретте 287 мектеп 300 мыңға жуық оқушы қабылдайды, оның 30 мыңы бірінші сынып оқушылары. 68 мыңнан астам студент 82 колледжде оқуды бастайды.
Айта кетсек, мектепке дейінгі ұйымдар қалыпты жұмысына оралды, қазіргі уақытта 860 балабақша мен шағын орталықтарда 69 мыңнан астам бала бар.
Сонымен қатар Л. Жылқыбаева барлық білім беру ұйымдары Ashyq жобасына қосылғанын және 100% қажетті мөлшерде жуғыш, дезинфекциялаушы және антисептикалық құралдармен қамтамасыз етілгенін айтты.
«1 қыркүйектен бастап білім беру мекемелерінде санитарлық талаптардың сақталуына тұрақты бақылау жүргізіледі, оның ішінде температураны өлшеу, визуалды тексеру, желдету режимдері, кварц, ылғалды тазалау және басқа да шаралар. Рұқсат етілмеген адамдардың кіруіне тыйым күшіне енеді және бұқаралық іс-шаралар болмайды», - деді басқарма басшысы.
Л. Жылқыбаева қаладағы қазіргі эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, оқу процесі қалай ұйымдастырылатыны туралы айтты.
«Алматы «қою қызыл» аймақта болуды жалғастыруда. Осыған байланысты, білім беруді ұйымдастыруда оқушылардың өздігінен келуін болдырмау және балалар арасында инфекцияның таралу қаупін азайту мақсатында оқу процесі бір мезгілде үш бағытта жүретін болады. Біріншіден, оқушыларға ата-аналарының өтініштері негізінде онлайн оқыту ұйымдастырылады. Осылайша, ата-аналарға баласын мектепке беруді немесе оқуды қашықтан жалғастыруды таңдау құқығы беріледі», - деді Л. Жылқыбаева.
Үшіншіден, офлайн оқыту негізінен 1-5 сыныптарды, бітіруші 9-11 сынып оқушыларын қамтиды және сыныптарда оқушы саны 25 адамнан аспайды. Осылайша, Білім басқармасы дәстүрлі білім беру форматына кезең-кезеңмен көшуді қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Л. Жылқыбаева бүгінде мұғалімдер мен ата-аналар арасында қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
Барлық сұрақтар бойынша оқушылардың ата-аналары мектеп әкімшілігіне немесе тікелей білім басқармасына хабарласа алады.