2021 жылы Алматы қаласының халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдауға 30 миллиардтан астам теңге бөлінді, оның 14 миллиард теңгесі жұмсалды. Бұл мәліметтерді Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясы барысында айтты.

Н. Тоғызбаеваның айтуынша, жыл басынан бері 132 мың алматылық әлеуметтік қолдау алды. Ол көмек «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында көрсетіліп жатқанын, аз қамтылған азаматтарға, мүгедектерге қолдау көрсетілетінін еске салды. Сонымен қатар, әлеуметтік жобалар іске асырылуда және еңбек қатынастары саласында мемлекеттік бақылау жүргізілуде.

Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы «Еңбек» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 13,8 млрд бөлінді. Бұл қаражат 24 мыңнан астам адамға жетуге көмектеседі.

«Ағымдағы жылдың 7 айында Жұмыспен қамту орталығына 27 мың адам жүгінген. 19 700 адам жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша белсенді шараларға тартылды, 17 900 адам жұмысқа орналастырылды», - деді Н. Тоғызбаева.

Тұрақты жұмыспен қамтылғандардың ішінде мегаполистің 8 700 тұрғыны бар, тағы 9 200 адам уақытша жұмыспен қамтылды, 1 100 адам қазір әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыс істейді, 1 500 үміткер жастар практикасына жіберілді. Білім беру ұйымдарының тағы 800 түлегін жұмысқа орналастыру жоспарлануда. 6 600 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді.

Н. Тоғызбаева қала тұрғындарына жаңа мамандықтарды үйрету туралы да айтты.

«Қысқа мерзімді курстар біліктілігін жоғалтқан немесе мамандығын өзгерткісі келетіндерге арналған. Алматының 34 оқу орнында 41 мамандық бойынша 1 мыңнан астам адам оқиды», - деді ведомство басшысы.

Сөзін жалғастырған ол еңбек нарығында жас түлектердің бәсекеге қабілеттілік деңгейі төмен екенін атап өтті. Сондықтан қалада жастарға қажетті жұмыс дағдыларын алуға және жұмысқа бейімделуге көмектесуге бағытталған Бірінші жұмыс жобасы іске қосылды. Жоба аясында жұмысқа орналасу жоспарланған 212 адамның 116-сы жұмыспен қамтылған.

Айта кетерлігі, қала тұрғындары мен өтініш берушілер жұмысқа орналасу үшін Алматы қаласының жұмыспен қамту орталығына хабарласа алады, сондай-ақ enbek.kz электронды еңбек биржасы порталындағы бос орындар тізімімен таныса алады.

Баспасөз конференциясының соңында Н. Тоғызбаева осы жылы 757 алматылық 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грантқа ие болғанын, яғни өз бизнесін жүзеге асыруға 583 мың теңге алғанын қосты. Кәсіпкер болғысы келетіндер негізінен тігін, аспаздық, маникюр, шаштараз және басқа да қызметтер бойынша жеке істерін аша алады.