Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың бастамасымен қала күні қарсаңында Мәслихат сессиясында метрополитеннің екі бекетінің атауын өзгерту бойынша ұсыныс енгізу жөнінде шешім қабылданды. «Достық» бекеті атауын Халық Қаһарманы, аты аңызға айналған әскери қолбасшы, белгілі жазушыны дәріптеу мақсатында «Бауыржан Момышұлы» бекеті деп қайта атау жоспарлануда.
Атаулас көше станцияның жанында орналасқан. Поезд құрамдардың Алматы облысы Қарасай ауданына қарай қозғалыс бағытында орналасқан «Батыс Автовокзалы» бекетінің атауын «Қарасай» бекеті деп қайта атау жоспарлануда. Қала Әкімдігі мен Мәслихатының бірлескен шешімі келісу үшін Республикалық ономастикалық комиссияға жіберіледі.
Тегін дәрі-дәрмек көлемі артты
Алматы қаласы Әкімдігінің ұсынысы бойынша депутаттар сирек кездесетін ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттар тізбесін кеңейтуді бекітті, сондай-ақ медициналық препараттар көлемі ұлғайды. 1,3 млрд.теңге мөлшерінде бөлінген қосымша қаражат жұлын бұлшықетінің атрофиясын, I санаттағы қант диабетін, симптоматикалық эпилепсия мен басқа да ауруларды емдеуге бағытталатын болады.
Алматының депутаттық корпусында өзгерістер болды
Сессияда депутат Арманжан Байтасовтың өкілеттігін жеке өтініші негізінде тоқтату туралы шешім қабылданды. Бұл шешімді Арманжан Мерекеұлы еліміздің және шекаралас мемлекеттердің аумағында жүзеге асырылатын ауқымды медиа жобаны іске асырумен түсіндірді.
А.Байтасов «Nur Otan» партиясының мандаты бойынша сайланғандықтан, партияның қалалық филиалы Бюросының шешімімен белгілі құрылысшы, Қазақстан Республикасы Құрылыс саласы одағының басқарма төрағасы Ералы Сауранбаев А. Байтасовтың орнына Мәслихат депутаты болып сайланды.
Мәслихаттың кәсіпкерлікті, инновацияларды, ақпараттық технологияларды және креативті индустрияны дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы болып А.Байтасовтың орнына депутат Қайрат Құдайберген сайланды.