«Алматы» ТА-дағы Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирі кезінде қала тұрғындарының сұрақтарына жауап бере отырып, қала әкімі Б. Сағынтаев модульді құтқару лашықтары баруы қиын жерлерге тікұшақтардың көмегімен жеткізілетінін хабарлады.
«Шын мәнінде, тікұшақтар модульді құтқару лашықтарын орнату орындарына жеткізеді. Өйткені, таулы жерлерде көлікпен жүру өте қиын, сондықтан тікұшақтар пайдаланылады», - деп жауап берді Б. Сағынтаев тауда не тасымалданатыны деген сұраққа.
Алматы әкімі құтқару модульдерін орнату таудағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар аясында жүргізіліп жатқанын еске салды. Осы мақсатта тау жолдары цифрландырылады және абаттандырылады. Сонымен қатар, Шымбұлақта, Медеуде визит-орталықтардың жұмысы іске қосылды. Осындай орталықтар Аюсай шатқалында және Горельник жылу көзінің жанында ашылды. Мұнда таулардағы қауіпсіз тәртіп бойынша нұсқаулық өткізіледі.
Туристердің қауіпсіздігі үшін ұялы байланыспен қамту аймағы кеңейтілуде, Кіші және Үлкен Алматы шатқалдарында 2 бақылау-құтқару пункті, Тұйық су шатқалында тікұшақ алаңы салынуда, құтқару жасақтарына дабыл беру түймелері бар 10 радиорелелік діңгек орнатылуда.
Бүгінде 15 құтқару лашығының 7 нүктесі орнатылды, олар мына жерлерде: «Жоғарғы Горельник», «Тұйық су» мұздығының соңғы моренасы, «Лунная поляна», «Проходное» шатқалы, «Үлкен Алматы» шатқалы, «Қызылсай шатқалы» және «Сол жақтағы Талғар». Қараша айының соңына дейін тағы 8 орнату жоспарлануда.
Әр лашық құтқарушылар пультіне сигнал беру үшін «SOS» батырмасымен жабдықталған. Сондай-ақ, лашықтың іші жылытылады әрі мұнда алғашқы медициналық көмек пакеті, ұялы телефонды зарядтау, жылы көрпе және бұзылмайтын өнімдер жиынтығы бар.
Айта кетерлігі, туристердің тау лашықтарын пайдаланған жағдайлары болды. Кейбіреулер бағыттың уақытын немесе өз күшін есептей алмаса немесе ауа райы бұзылса сол жерде қалып, түнейді. Мәселен, Салтанат есімді қала тұрғыны Instagram әлеуметтік желісінде «Пила» шыңынан соң «Проходное» шатқалындағы лашықта үзіліс жасап, тыныққанын хабарлады.
Құтқару модульдерінің қиын жағдайға тап болған әрі ауа райының қолайсыздығына орай тауда қалған туристер арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында орнатылғанын атап өткен орынды.